Дариға Назарбаева жеке үй құрылысына жер бөлу мәселесіне қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлуді жеделдетуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер де өңірлер бөлінісінде қарайтын болсақ, онда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне деген кезекте ондаған мың адам тұр. Бұл адамдар бюджеттен ақша сұрап тұрған жоқ, олар уәде етілген 10 сотық жерді бөліп беруді сұрап отыр және сол учаскеге өз үйлерін салуға дайын. Әрбір жаңа үй әр өңірдің қосымша мүлігі болып саналады, осы орайда жер телімі салығы, мүлік салығы, коммуналдық төлемдер есептеледі. Бұл өз кезегінде кез келген елді мекеннің бюджеттегі кіріс бөлігін толықтырады», - деді ол Парламент Сенатының жалпы отырысында.

Сенат спикерінің пайымынша, баспана кезегінде тұрған адамдардың басым бөлігінің мәселесін жеке тұрғын үй құрылысы арқылы шешуге болады.

«Баспана мәселесін түбегейлі шешу керек, себебі бұл проблема жыл сайын жалғасып келеді. Біз барлық сылтауды алдын ала білеміз, яғни «инфрақұрылымдық дамуға қаржы аз бөлінеді», «трансферттен ақша жеткіліксіз бөлінді» деген уәж айтылады. Менің ойымша, бұл жағдайды оңтайлы шешуге болады, осы тұрғыда көптеген қаржылық тетіктерді пысықтау керек», - деді Дариға Назарбаева.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Құжат көпбалалы отбасылардың және жұмыс істейтін жастардың баспана мәселесін жедел шешу үшін заңнамалық негізді қалыптастырады.

Соңғы жаңалықтар