Дариға Назарбаева ТүрікПА Бас хатшысымен кездесті

None
None
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы А. Мамаюсуповпен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Кездесуде ТүрікПА-ның қазіргі қызметі, Ассамблеяның кезекті жалпы отырысына дайындық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тараптар түркітілдес мемлекеттер парламенттері арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

А. Мамаюсупов қазақстандық парламентшілердің ТүрікПА-дағы белсенді жұмысын атап өтті.

«Қазақстан Парламенті Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының қызметіне өте белсенді қатысатыны қуантады. Біз қазір Ассамблея жұмысындағы мәселелердің аясын кеңейтіп жатырмыз. Осы мәселеде Қазақстан парламентшілерінің үлесі аса маңызды», - деді ТүрікПА Бас хатшысы.

А. Мамаюсупов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті халықаралық, соның ішінде түркітілдес мемлекеттер арасындағы парламенттік ынтымақтастықты дамытуға орасан зор үлес қосқанын тілге тиек етті.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оны қандай да бір критериймен өлшеу мүмкін емес. Парламенттік Ассамблеяны құру бастамасын көтерген де - Нұрсұлтан Әбішұлы. Бізге тек білдірілген сенімді ақтау қалып отыр», - деп түйіндеді ТүрікПА Бас хатшысы.

Автор: Медет Ахметов

Соңғы жаңалықтар