Дариға Назарбаева тауар экспортында туындаған мәселені көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат спикері Дариға Назарбаева тауарды экспортқа рәсімдеу кезінде кәсіпкерлер қисынсыз кедергілерге тап болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палатаның жалпы отырысы барысында Сенат спикері тауарды экспортқа шығарудағы рәсімдер мен құжаттар тапсыру шараларына қатысты түсінік беруді сұрады.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов экспорт үшін құжаттардың шағын пакеті ғана ұсынылатынын айта келе, «Егер де регламенттелетін тауар болса, онда экспортқа рұқсатнама керек. Ал бұл санатқа кірмесе, осы жағдайда келісімшарт пен тауарға құқық белгілеуші құжат, сондай-ақ экспорттаушының ЖСН-ні мен БСН-ні жеткілікті. Негізгі проблема бізде импорттау кезінде орын алады, көптеген анықтамалар сұралады, яғни қағаз жұмыстар көп. Бұл жұмыстарды қазіргі кезде Қаржы министрлігі пысықтап жатыр. Анықтамаларды меморгандар базаларынан алу мүмкін болуы үшін рәсімдерді электронды түрге ауыстыру ескерілген», - деді.

Алайда Дариға Назарбаева экспорт бойынша рәсімдерге көп уақыт жұмсалатындығы туралы шағымдар болғанын, егер де кейбір кедергілер орын алса, оларды жедел шешу қажеттігін атап өтті.

«Өндірушілерден шағымдар болды. Егер де тауар тез бұзылатын ауыл шаруашылығы өнімі болса, анықтаманы бергенше бұл өнімдерді экспорттауды үш апта немесе бір ай бойы күтіп тұра алмайды. Демек, проблема бар. Атап айтқанда, біздің өнім барынша көбірек экспортқа шығарылғанына мүдделіміз. Бұл жайында барлық Жолдауларда, мемлекеттік бағдарламаларда айрықша белгіленген. Сондықтан бұл тұрғыда сіздерге белсенді жұмыс атқару қажеттігі бар», - деді Сенат спикері министрлік басшысына қарата айтқан сөзінде.

Осы орайда Руслан Дәленов ведомство экспортты ынталандыру картасы әзірлеп жатқанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар