Дариға Назарбаева Словакия Ұлттық Кеңесінің Төрағасымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Словакия Республикасы Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Андрей Данкомен кездесті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қазақстан мен Словакияның парламентаралық іс-қимылы мен экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар екі ел арасындағы байланыстардың қарқынды дамуы мен парламенттер ынтымақтастығының тиімділігін арттыра түсу қажеттігін атап өтті.

Сенат Төрағасы биылғы жылы Словакия төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ ынтымақтастығына Қазақстан зор маңыз беретінін атап өтті. Д.Назарбаева еліміз Словакия төрағалығының бағдарламасын қолдайтынын және алға қойылған жоспарларды іске асыруда көмек көрсетуге әзір екенін айтты.

Сенат басшысы сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне назар аударды. Қазақстан Словакияда шығарылатын машина жасау технологияларын тартуға ерекше мүдделі. Сондай-ақ Дариға Назарбаеваның айтуынша Словакия кәсіпкерлері ЕАЭО артықшылықтарын пайдалана алады.

«Словакиялық кәсіпкерлерге одақтың көп миллиондық нарығына шыға алатын жоғары технологиялық бірлескен кәсіпорындарды Қазақстанда ашуды ұсынамыз. Біздің еліміз өнімдеріңізді үшінші елдер нарығына ілгерілететін көпір бола алады», - деді Д.Назарбаева.

Словакия Республикасы Ұлттық кеңесінің Төрағасы А.Данко өз кезегінде Сенат басшысына кездесу үшін алғыс айтып, экономика және заң тұрғысында ынтымақтастықты дамытуға әзір екенін білдірді.

Словакия Парламентінің басшысы сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларды дамыту алаңы ретінде Қазақстанға назар аударған инвесторлар туралы айтып өтті.

А.Данко одан басқа білім беру, қорғаныс және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ орман шаруашылығын дамыту саласында ынтымақтастыққа әзір екенін айтты.



Соңғы жаңалықтар