Дариға Назарбаева Сенаттың төртінші сессиясының жұмысын қорытындылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Парламент Сенатының төртінші сессиясының жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бүгін төртінші сессиядағы Сенаттың қорытынды жалпы отырысын өткіздік. Біз халқымызбен бірге Қазақстан мемлекеті үшін аса жауапты әрі тарихи оқиғалардың, тағдырлы шешімдердің куәсі болдық. Сессия барысында Сенаттың ауқымды жұмысы қарқынды әрі нәтижелі болды", - деп тоқталды Д. Назарбаева.

Осы орайда ол бұл кезеңде 83 маңызды заң жобасы жан-жақты пысықталып, қабылданғанын атап өтті. Қабылданған заңдар мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға, экономиканың жекелеген секторларындағы жағдайды жақсартуға бағытталды.

Сенат спикерінің айтуынша, жалпы сессия барысында сенаторлар Үкіметке 100-ден астам депутаттық сауал жолдады. Өткір сауалдар арқылы елімізде шешімін таппай жүрген мәселелерге тиісті мемлекеттік органдардың назарын аударып, оларды шешу жолдарын көрсете білді.

"Сессияда Сенаттың тұрақты комитеттері өткізген арнайы кездесулерде қабылданған ұсынымдардың орындалуы сенаторлардың тұрақты бақылауында болатынын ескертемін. Әлемдік тәртіп тұрақсыздана түскен жағдайда еліміздің сындарлы көпвекторлы сыртқы саясатын іске асыруда парламенттік дипломатияның алатын орны ерекше. Сенаторлар халықаралық парламенттік ұйымдардың жұмысына тұрақты және белсенді түрде қатысып келеді. Жалпы алғанда, мемлекеттік, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің жаңа кезеңін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша тыңғылықты жұмыс атқарылды деп айта аламыз. Осы ретте баршаңызға белсенді әрі нәтижелі қызметтеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз", - деді Дариға Назарбаева.

Еске сала кетейік, Парламенттің төртінші сессиясы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылды.

Атап айтқанда, маңызды шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістерді енгізу қажет болды. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясының жұмыс мерзімі ұзартылды.

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыруар енгізу туралы» Заңын қабылдады.

Соңғы жаңалықтар