Дариға Назарбаева Сенат жанындағы Жастар кеңесінің басты міндеттерін атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Жастар кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жастар Кеңесі отырысында сөз сөйлеп, жастар мен жастар саясаты мемлекетіміздің әрдайым басты назарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұның демографиялық себебі бар, өйткені елімізде әрбір бесінші қазақстандық – 14 пен 29 жас аралығындағы жастар.

«Жас ұрпақ - елдің прогресі мен дамуының негізгі қозғаушы күші. Яғни жастарға жақсы білім алуға, заманауи кәсіби даярлықтан өтуге, өзін-өзі дамытуға, Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктер берілуі керек. Елбасы мен Президент жастармен жұмыс істеуге және жаңа ұрпақты тәрбиелеуге қаншалықты көңіл бөлетінін көріп отырмыз. Өткен жыл Жастар жылы деп жарияланды, ал биыл - Еріктілер жылы. Бұл жастардың бастамаларын қолдауға арналған әртүрлі бағдарламаларға қосымша серпін беріп, мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетеді. Мемлекеттің қолдауы көпшілікке түсінікті болып, нәтижелері халыққа анық көрінуі керек», - деді Дариға Назарбаева.

Сенат төрағасы ең алдымен, кеңес туралы және оның алдына қойған міндеттерін атады.

«Жастар кеңесі Парламент Сенатының консультативтік-кеңесші органы және ол жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін қарастырады. Кеңесті құру туралы шешім Сенат Бюросының бірауыздан қолдауымен қабылданды, Кеңес туралы ереже және оның негізгі жұмыс жоспары бекітілді. Кеңес құрамына Парламент депутаттары, облыстық мәслихаттар депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес жастар ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді. Кеңес іс жүзінде қандай қызмет атқарады? Мемлекеттің, министрліктер мен ведомстволардың жастар саясатын жүзеге асыруда атқарып жатқан жұмыстары туралы бәріміз білеміз. Мемлекет бөлетін қаражат көлемі мен оны жұмсайтын бағдарламаларда белгілі. Бірақ, сонымен бірге біз елдегі көптеген жастарға қатысты мәселелер шешілмей, тек жылдан жылға проблема көбейіп барады. Ауылдан қалаға келген жастардың әлеуметтік бейімделу мәселесі, жұмыссыздық проблемасы өткір мәселе күйінде қалып отыр», - деді ол.

Сенат төрағасының пікірінше, кеңестің міндеті - тұрақты жұмыс алаңына айналу. Онда қоғамдастықтың, атқарушы билік пен заң шығару органдарының, облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен мәселелер талқыланады.

«Қазір «Нетворкинг» ұғымы жастарға өте жақын. Осы Жастар Кеңесі сіздермен ашық пікір алмасып, байланыс орнататын, тың идеяларыңызды бірге талқылайтын алаң болады деп сенемін. Сенат жанындағы Жастар кеңесін бос әңгімелер мен жақсы сөздер айтып ғана қоятын жиналысқа айналдырмау біздің ортақ міндетіміз. Жастар кеңесі өте жақсы әлеуетке ие және біздің болашағымыз үшін жұмыс істейтін үлкен алаңға айналатынына сенімдімін», - деді Дариға Назарбаева.


Соңғы жаңалықтар