Дариға Назарбаева: Президенттік сайлау ел дамуына жаңа серпін береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Біздің ортақ міндетіміз - ҚР Президенті сайлауын әділ, заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 сәуірде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешімнің өз уақытында және орынды қабылданып отырғанына мен сенімдімін. Президент Жарлығы қоғамда туындаған көптеген сұрақтарға жауап береді. Қазақстандықтар үшін ең қымбат құндылық бейбітшілік пен тыныштық, экономикалық тұрақтылық аса қажет. Сондықтан Қазақстан қоғамы Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығының заңды түрде қамтамасыз етілуін күтуде», - деп тоқталды Сенат спикері Парламент Сенатының жалпы отырысында.

Осы орайда ол Тәуелсіздік жылдары қазақстандық даму моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін толық дәлелдегенін атап өтті.

«Біз барша әлемге экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың және ұлтаралық келісімнің айнымас үлгісін кеңінен таныта білдік. Алдағы сайлау біздің халқымыздың даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдейтіні айқын. Президенттік сайлау ел дамуына тың серпіліс, жаңа серпін беретіні сөзсіз. Президент Жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды қазірден бастап, күрделі проблемаларды кейінге қалдырмай шұғыл шешуге мүмкіндік береді», - деді Д. Назарбаева.

Сонымен қатар ол Конституциялық заңға сәйкес, сайлау екі ай мерзім ішінде өткізілуі тиіс екенін еске салды.

«Сайлау науқанын ҚР Заңдарына сәйкес өткізуге көмектесу - біздің абыройлы міндетіміз. Бұл орайда ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының орны ерекше. Сіздердің жергілікті халықпен және мәслихат депутаттарымен тығыз байланыстарыңыз бар, халықтың мүддесін қорғайсыздар, проблемаларын білесіздер. Сондықтан сайлау науқаны әрқайсымыз үшін аса жауапты жұмыстар кезеңі болып саналады. Құрметті депутаттар, азаматтардың өз еркін ашық білдіруі Тәуелсіз Қазақстанның үлкен жеңістерінің бірі. Біздің ортақ міндетіміз - ҚР Президенті сайлауын әділ, заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету болып табылады», - деді Дариға Назарбаева.

Соңғы жаңалықтар