Дариға Назарбаева: Мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің жұмысында кемшілік бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің жұмысында кемшіліктер бар. Бұл туралы бүгін «Jas qalam» форумының ашылуында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Тұңғыш Президенті қорының директоры Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Әрбір министрліктің, әкімдіктің жанында баспасөз қызметті бар. Бірақ, өкінішке орай кәсіби дағдылары жеткіліксіз немесе уақыттары жете бермейді. Бұл жұмыстарға қазір үш деген баға қоюға болады, ондай проблема бар. Теледидар алдында отырған қарапайым көрермен министр девальвация, инфляция, нарықтағы құбылмалылық, таргеттеу жайында айтып жатса не түсіне алады? Мұның барлығы да шетелдік сәнді әдемі сөздері», - деді форум аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген сенатор.

Оның айтуынша, мұндай кәсіби тіл шағын аудиториямен жұмыс істеген кезде қажет.

«Бірақ, дәрігер, мұғалім, зейнеткер, мектеп оқушысы, студент бар кең аудиториямен басқа тілде сөйлескен жөн», - деді Дариға Назарбаева.
Сонымен қатар ол Парламентке келетін кейбір шенеуніктердің заңды қарапайым тілмен түсінікті жеткізе алмайтындығын да баса айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дариға Назарбаева қазіргі таңда журналистика көп қызығушылық танытылатын мамандықтардың бірі екендігін айтқан болатын.

Сондай-ақ ол бүгінгі журналистер шенеуніктердің «құс тілін» жалпы бұқараға жеткізе білулері керектігін атап өтті.

Ал ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мықты журналист болу үшін көп ізденіс, тәжірибе қажет екендігін атап өткен еді.

Айта кетейік, қазақстандық журналистиканы дамытуға жас журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған кең ауқымды «Jas qalam» жобасына 100-ден астам журналист қатысуда. Олардың қатарында журналистермен қатар журналистика факультетінің студенттері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарына қызығушылық танытатын жастар да бар.

Соңғы жаңалықтар