Дариға Назарбаева көкөніс және май өндірушілермен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дариға Назарбаева картоп және көкөніс өсірушілер одағы және тоң-май саласы қауымдастығының басшыларымен жұмыс бабында кездесті. Бұл жөнінде Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауларға дайындық аясында еліміздегі картоп және көкөніс өсірушілер одағы және тоң-май саласы қауымдастығының басшыларымен бірқатар жұмыс бабындағы кездесулер өткізді.

Бірінші кездесу картоп және көкөніс өсірушілер одағының өкілдерімен болды.

Кездесуде Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев сөз алып, еліміздегі картоп шаруашылығының табысты дамуына қатысты мәселелерді атап өтті. Оның айтуынша, картоптың өнімділігі мен сапасын арттыру, картоп шаруашылығындағы инфрақұрылымды дамыту және картоптың экспорты мен өңделуін дамыту саланы өркендетуге ықпал етеді.

К.Бисетаев картопты өткізудің көлеңке тұстары салаға кері әсерін тигізіп отыр деп санайды. Одақ төрағасы бұл проблеманы шешу үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда көтерме-тарату орталықтарын құруды ұсынды.

«Көкөніс өнімдері мен картоптың көтерме саудасы бойынша осындай орталықтар азық-түлік нарығы субъектілері арасында азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік береді», - деді Қ.Бисетаев.

Басқа елдердің тәжірибесін зерттеуді қосымша тапсырған Д.Назарбаева көтерме-тарату орталықтарын құруға қолдау білдірді.

Келесі кездесу еліміздің май саласын дамытудың қазіргі жағдайы мен келешегіне арналды.

«Қазақ­стан май-тоңмай одағы» қауым­дас­тығы» ЗТБ президенті Константин Невзоров сала кәсіпорындары тап болатын негізгі қиындықтар туралы айтып берді. Ол тұқымдық материал өнімділігінің төмендігі, минералдық тыңайтқыштар өндірісінің кенже қалуы, өнімді сақтау инфрақұрылымының жай-күйі, ауыл шаруашылығы техникасының тозуы, білікті кадрлардың тапшылығы және агротехнологияларды сақтаудың жеткіліксіз деңгейіне тоқталды.

К.Невзоров жүздесу барысында дүкен сөрелеріндегі жалған өнімдерді тексеру, алдын алу және жедел алып қою тетіктерін әзірлеу қажеттігіне талқылауға қатысушылардың назарын аударды. Қауымдастық басшысы сары май мен спредтер (өсімдік және сүт майларының қоспасы негізіндегі май өнімдері) бойынша жағдайды мысал ретінде келтірді:

«Қағазында бұл сары май деп көрсетіледі, ал іс жүзінде спред. Қағазында спредтің құрамында ол спред екені көрсетіледі, онда іс жүзінде 15-30% май немесе тіпті 0% болады. Бұл жерде тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің белсенді көмегі қажет».

Парламенттің жоғарғы палатасының басшысы Дариға Назарбаева кездесулердің қорытындысы бойынша Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өкілдері қозғаған проблемалық мәселелерді зерделеуді және оларды 2020 жылы болатын парламенттік тыңдауларда талқылауға дайындауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар