Дариға Назарбаева: ІІМ құрамында ТЖК мен Ұлттық гвардия өгей баланың күйін кешіп жүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат депутаты Дариға Назарбаева Төтенше жағдайлар комитеті мен Ұлттық гвардияның дербес бюджеттерін бекіту қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдайлар комитеті бөлімшелерінің қажетті инженерлік-техникалық құралдармен, арнайы жабдықтармен, көлікпен қамтамасыз етілуі нормативтің 30-дан 70 пайызға дейінгі деңгейінде. Бұл Ішкі істер министрлігі лимиттері аясында комитеттің жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты», - деді Д. Назарбаева Сенаттың жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол тиімсіз жоспарланған жобаларға тоқталды.

«Біз қаражаттың тиімсіз игерілуін байқап отырмыз. Мәселен, өрт сөндіру деполарының құрылысына 15 жобалық-сметалық құжатнаманың ішінде тек төртеуі жүзеге асырылуда. 2017 жылы 4 жобаның мерзімі өтіп кетті, ал оларды әзірлеуге 86 млн теңге бюджеттік қаржы жұмсалды. Әзірленуіне 100 млн теңге жұмсалған тағы жеті жоба да 2018-2020 жылдардың бюджетіне енгізілмей қалған. Осы орайда 186 млн теңге бюджет қаржысы тиімсіз игерілгені көрініп тұр. Кейіннен қаржыландырылмайтын жобаларға бюджет қаржысын бөлудің қажеті қанша», - деп атап өтті сенатор.

Бұл тұрғыда ол ТЖ комитеті мен Ұлттық гвардияның дербес бюджеттерін бекіту қажеттігін, сондай-ақ олар бойынша бюджет бағдарламаларының тиісті жетекшілерін айқындау керектігін сөз етті.

«Біздіңше, осы екі қызмет Ішкі істер министрлігі құрамында өгей бала рөлінде жүр. Алайда оларға ерекше назар аударған жөн», - деп түйді Дариға Назарбаева.

Соңғы жаңалықтар