Дариға Назарбаева: Елімізде тек су мәселесіне жауапты уәкілетті орган құру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Үкімет республиканың су ресурстарын сақтау жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірлеуі керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет республиканың су ресурстарын сақтау жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірлеуі керек деп есептеймін. Оған бүгінгі Сенат отырысында айтылған ұсыныстар мен кеңестердің, ғалымдардың зерттеуінің бәрі енгізілуі тиіс. Меніңше, бұл бағдарламаны әзірлеуді жедел қолға алу керек. Сол кезде ғана біз су қауіпсіздігі мәселесін жүйелі түрде шеше аламыз», - деді Дариға Назарбаева.

Сенат төрағасы елдегі су мәселесіне бір емес, бірнеше министрліктің жауапты болып отырғанын атап өтті.

«Су қауіпсіздігі жөніндегі алғашқы екі тыңдауда тек су мәселесіне жауапты жеке уәкілетті орган болуы керектігі туралы мәселе көтерген болатынбыз. Күн тәртібінен бұл мәселені алып тастай алмаймыз. Ол органның қандай сипатта болатынын білмеймін. Бәлкім, бұл агенттік болады, бәлкім мамандандырылған ұйым болып құрылады. Бірақ, бұл тек су қауіпсіздігіне ғана жауапты ұйым болуы тиіс. Бүгін Есеп комитеті өз баяндамасында келтіргендей, су мәселесін реттеуге қаншама шығын кеткен», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қайрат Қожамжаров әлемде 68 мемлекет су дефицитін бастан кешіріп отырғанын, соның ішінде Қазақстан да барын атап өткен еді.

Соңғы жаңалықтар