Дариға Назарбаева Дүниежүзілік лютеран федерациясының бас хатшысымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Дариға Назарбаева Дүниежүзілік лютеран федерациясының Бас хатшысы Мартин Юнгемен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Дариға Назарбаева Астана форумына тұрақты түрде қолдау көрсеткені, атап айтқанда, дінаралық съез бен оның жұмыс органдарының жұмысына тұрақты қатысқаны үшін лютеран федерациясы өкілдеріне алғысын білдірді.

Сенат басшысы бас хатшыға еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конфессияаралық және өркениетаралық үнқатысуды дамыту орталығы құрылатыны туралы хабарлады. Бұл орталық діни көшбасшылардың Астана саммитінің мақсаттары мен міндеттерін халықаралық аренада ілгерілету және форумды институттандыру ісіндегі маңызды құрал болады. Дариға Назарбаева лютерандарға орталықтың жұмысына қосылуды ұсынды.

Тараптар ағымдағы жылдың қыркүйегінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XVIII отырысына дайындықты талқылады, онда келесі Съездің және Діни лидерлер кеңесінің өтетін күні мен күн тәртібі белгіленеді.

Дүниежүзілік лютеран федерациясының Бас хатшысы дінаралық үнқатысуды ілгерілету жөніндегі ерекше тұғырнама құрғаны үшін Қазақстанға алғысын жеткізіп, Астана форумын одан әрі қолдау жөніндегі ниетін білдірді. Ол сондай-ақ Дүниежүзілік лютеран федерациясының жұмысы мен жоспарлары, атап айтқанда босқындарға қолдау көрсету, Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастық туралы хабардар етті.

Соңғы жаңалықтар