Дариға Назарбаева: Бюджет басымдықтары нақты болмаса нәтиже болмайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатта Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Бюджет заңнамасын жетілдіру жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенат төрағасы кеңес өз қызметін таяуда - 2019 жылдың сәуірінде бастағанын еске салды. «Осы уақыт ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Әсіресе, қазіргі әлеуметтік және экономикалық жүйелері алдындағы тәуекелдер мен қатерлер аясында оны жалғастыру өте маңызды деп есептейміз», - деді ол.

Сенаторлар алдында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндама жасады. Бюджет үдерісін реформалау жөніндегі жол картасын ұсынған кезде ол бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін бағалауды жақсы және неғұрлым жедел жүргізуге мүмкіндік беретін стратегиялық жоспардың жаңа тұрпаты туралы айтты. Р.Дәленов сондай-ақ барлық мемлекеттік құрылымдарға арналған жаңа сипаттағы жоспар биылғы жылдың соңына дейін бекітілетінін жеткізді.

«2020 жылдың мамыр айында 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі үш жылдық кезеңге бюджетті қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар стратегиялық жоспарды жаңа түрде ұсынатын болады», - деп атап өтті министр.

Д.Назарбаеваның пікірінше, мекемелер тек өз бюджеттерінің жобаларын әзірлей бастаған сәттен бастап Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетімен өзара тығыз жұмыс істеуі тиіс. «Бұл жоспарланған шығыстарды салудың орындылығын уақтылы бағалау тұрғысынан өте маңызды», - деді Сенат басшысы.

Отырыс барысында нысаналы көрсеткіштерді оңтайландыру, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру және басқару туралы ұсыныстар айтылды. Сенатор Әли Бектаевтың айтуынша, олардың кейбіріне әртүрлі арналар арқылы қаржы бөлінетіні, алайда, ешқандай нәтиже бермейтіні байқалып отыр.

«Мен агроөнеркәсіп кешені саласында бір бағдарлама бойынша жұмыс істейтін қор бар екенін, екінші бағдарлама бойынша жұмыс істейтін басқа құрылым бар екенін білемін. «Сыбаға», «Тұяқ» сияқты бағдарламаларға әр түрлі көздерден қаражат бөлінеді. Нәтижесінде біз оларға қанша бөлінетінін және қалай жүзеге асып жатқанынан бейхабармыз», - деді Ә.Бектаев.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева қаржыға аса мұқият болуды және бюджет басымдықтарын нақты белгілейтін уақыт келгенін айта келіп: «Қазір біз қаржыландырып, бәріне қолдау білдіріп, жан-жақты қамтып келеміз. Соның нәтижесінде бәріне тек тиын-тебен ғана тиіп отыр. Одан қандай нәтиже шығады?», - деді.

Соңғы жаңалықтар