Дариға Назарбаева БАӘ Федералдық ұлттық кеңесінің Төрағасымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Біріккен Араб Әмірліктерінің Федералдық ұлттық кеңесінің Төрағасы Амаль Аль-Кубейсимен кездесті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Жүздесуде екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібіндегі кешенді мәселелер талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Әмірліктердің қатынастарын дамытудың ауқымды әлеуетін атап өтті. Ғарыш, энергетика, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері, азық-түлік қауіпсіздігі, білім беру, мәдениет, туризм салаларындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу – келешегі бар бағыттар болып табылады.

Дариға Назарбаева сондай-ақ БАӘ басшылығының әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, гендерлік теңдік пен толеранттылыққа қатысты өскелең көзқарастарына назар аударды.

«Ел Президенті шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянның Федералдық Ұлттық кеңестің алдағы жаңа құрамындағы орындардың жартысын әйелдерге беру шешімі олардың мемлекеттің тұрақты және тиімді дамуын қамтамасыз етудегі рөлін мойындауының дәлелі болып отыр.

Қазақстанда Сіздің еліңіздің тәжірибесіне мұқият назар аударып отыр. Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі көзқарасы мен саясаты БАӘ басшылығының көптеген ұстанымдарымен сәйкес келеді», - деп атап өтті Д. Назарбаева.

Біріккен Араб Әмірліктері Федералдық ұлттық кеңесінің Төрағасы доктор Амаль Аль-Кубейси өз кезегінде қонақжайлығы үшін Қазақстанға алғысын білдіріп, Сенат Төрағасы болып тағайындалуына байланысты жылы лебізін білдірді.

«Сіздің тағайындалғаныңызды естігенде шын жүректен қуандым. Сіз Азия елдерінде ғана емес, жер жүзіндегі көптеген әйелдерге үлгі болып келесіз. Сіздің идеяларыңыз бен тәжірибелеріңіз Қазақстанның игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін», - деді Амаль әл-Кубейси.

2019 жылы 25 қыркүйекте Байқоңырдан алғаш рет Біріккен Араб Әмірліктерінің астронавты орбитаға ұшады. Амаль Аль-Кубейси бұл тарихи оқиға да екі елдің дамуындағы жаңа кезең екенін атап өтті.

Тараптар сондай-ақ халықаралық қатынастардағы маңызды мәселелер туралы айтты. Дариға Назарбаева мен Амаль Аль-Кубейси әлемдегі, оның ішінде Таяу Шығыстағы көптеген қақтығыстарды тек саяси үнқатысу арқылы шешуге болады, деп санайды.

Амаль Аль-Кубейси терроризм мен экстремизмнің таралуын болдырмау жолдарын бірлесіп іздеуде саясаткерлер мен дін өкілдерінің күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан мен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа терроризм мен экстремизмнің таралуына қарсы күреске бағытталған бастамалары үшін алғыс айтамын. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы күш-жігерін жоғары бағалаймыз және Сіздің барлық бастамаларыңызды қолдаймыз», - деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Федералдық ұлттық кеңесінің Төрағасы Амаль Аль-Кубейси.

Соңғы жаңалықтар