Дариға Назарбаева БАӘ Елшісін қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Елшісі Мұхаммед әл-Джаберді қабылдады, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Парламент жоғарғы Палатасының басшысы Қазақстан мен Әмірлік ынтымақтастығының қарқынды дамуына ризашылық білдіре келіп, оған еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев пен БАӘ-нің жоғары басшылығы, оның ішінде шейх Заид негізін қалаған сенімді қарым-қатынастар ықпал еткенін атап өтті.

БАӘ елшісі Д.Назарбаеваға Сенат Төрағасы қызметіне сайлануға байланысты БАӘ Ұлттық Федералдық Кеңесінің Төрағасы Амаль әл-Кубисидің құттықтауын жеткізді.

Сенат басшысы екі ел арасындағы парламенттік алмасулардың маңыздылығын атап өтіп, БАӘ депутаттарын Қазақстанға келуге шақырды.

М. әл-Джабер Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянның 14 мамырға жоспарланған Нұр-Сұлтанға ресми сапарының дайындығы туралы хабардар етті. Қазақстан Сенатының басшысы бұл сапар өзара іс-қимылдың барлық салаларындағы екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетудің келешегі талқыланды. Ауқымды экономикалық жобалардың арасында - Атырау облысында құны 6,5 млрд. доллар болатын газ-химия зауытын салу, сондай-ақ теңіз порттарының ірі операторы - «DP World» компаниясының Қазақстан-Қытай шекарасында және Қазақстанның батысында Ақтау теңіз портында көліктік-логистикалық хаб жобасына қатысу жоспары бар.

БАӘ елшісі Қазақстанда «SABIS» брендімен жұмыс істейтін халықаралық білім беру желісін құру туралы айта келіп, бұл сала бойынша дүниежүзінде 65 мыңнан астам оқушылар білім алатын 60-тан астам мектеп бар екенін жеткізді.

Сенат басшысы біздің елдеріміз арасындағы визасыз тәртіптің туристік әлеуетін дамытуға оң әсерін атап өтіп, БАӘ-ден Қазақстанға туристер ағынын ұлғайтуды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар