Дәріден уланбау үшін нені ескеру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Анасы жөтелге қарсы шәрбатты сүтке қосып беріп, балаларын абайсызда өлтіріп алыпты». 2019 жылдан бері әлемнің түрлі тілінде тарап жүрген фейк ақпарат қазақ тілді оқырманды кейінгі уақытта қайта мазалай бастады. Осыған орай, ҚазАқпарат кәсіби маманның дәріден уланбаудың жолдары туралы ақыл-кеңесін ұсынып отыр.
Ескерту: Анасы өзінің 4 баласын кездейсоқ өлтіріп алған. Балалары жөтелге қарсы сироп ішуден бас тартқандықтан анасы сиропты сүтке араластырып берген. Бала сол сүтті ішіп ұйықтап, қайта оянбаған. 4 баласы өлі күйде табылған. Клиникалық тексеру нәтижесінде сироп пен сүт араласқаннан кейін улы сұйықтыққа айналған. Анасы өз балаларын өзі өлтіргенін айтқан. Психикасында ақаулар пайда болған. Дәрі дәрмекті сүтпен бірге қабылдаудан аулақ болыңыздар. Химикалық қоспаларды сүтке араластырмаңыздар. Улы затқа айналады. Өтініш байқаңыздар! Баска да таныстарыңызға хабарлаңыздар!!!

Жуықта ғана осы ақпаратты stopfake.kz сайты жоққа шығарып, фейк екенін мәлімдеп жазған болатын.

Дегенмен, «оқиғаның» болған уақыты, орны көрсетілмеген көпе-көрінеу жалған ақпараттың түрлі мессенджер чаттарына қарқынды тарауы дәріні пайдалану тәртібі бойынша сенімді ақпарттар елдің санасына діттеп жетпей жатқанын көрсетіп отыр. Осыған байланысты медицина ғылымдарының докторы, профессор, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляевтен осы мәселе бойынша кәсіби түсініктеме сұраған едік.

Жалпы сүттің дәріні уға айналдыратын қасиеті бар ма?

Жөтелге қарсы шәрбаттың фейк ақпаратта айтылғандай қауіп төндіруі мүмкін емес. Әрине, бірқатар тамақ өнімдері, соның ішінде сүт, кейбір дәрі-дәрмектермен әрекеттесіп, олардың сіңуін тездетеді немесе баяулатады. Ішке қабылданатын дәрі-дәрмектерді ішудің ережесі бар. Тамақтанудан жарты сағат бұрын немесе 2 сағаттан кейін қабылдануы керек. Сонда ғана ол тамақпен өзара әрекеттеспейді. Дәрі-дәрмекті газдалмаған сумен ішу керек. Бұл ережені бұзғаннан уланып қалмайсыз. Бірақ кейбір препараттардың ағзаға тигізуі тиіс әсері баяулап немесе жылдамдауы мүмкін. Дәріні ішпей тұрып әуелі оның нұсқаулығымен және қарсы көрсетілімдерімен мұқият танысу керек. Егер нұсқауларды елемесеңіз және дәрігер тағайындаған режимді, дозаларды сақтамасаңыз, дәріден улану әбден мүмкін.

«Кез келген дәрі-дәрмектің у болуы да, ем болуы да дозасына байланысты». Гиппократтан қалған деп айтылатын, ескі латын мақалында осылай делінген.

Дәріні кесте бойынша ішпесе не болады?

Дәр-дәрмек біткеннің белгілі бір қасиеті бар. Мысалы, сіңімділігі және әсер ету уақыты әр түрлі. Дәрігер сол қасиеттерді ескере отырып, тиімді емдеу үшін белгіленген дәріні қабылдаудың оңтайлы кестесін таңдайды. Сондықтан маманның ұсыныстарын қатаң сақтау керек. Бұл жағдайда білермендікке салынып, өзін-өзі емдеуден аулақ болу өте маңызды.

Жыл басынан бері елімізде сапасыз немесе мерзімі өткен дәріден уланудың неше жағдайы тіркелді?

Препаратты нұсқауларға сәйкес қолданбағандықтан дәрілермен улану, сапасыз және мерзімі өткен дәрілермен улану жағдайлары Ұлттық орталықта жыл басынан бері тіркелген жоқ. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетімен бірлесіп, дәрі-дәрмектерге тұрақты фармакологиялық қадағалау және оларды қолдану кезеңінде медициналық бұйымдарға мониторинг жүргізеді.

Орталық жағымсыз реакцияларға арналған карта-хабарламаларды тіркейді,. Әрбір нақты жағдай бойынша дәрілердің күдікті жанама әсерлеріне талдау жүргізеді. Жағымсыз реакцияның дамуы мен препаратты қабылдау арасындағы себеп-салдарлық байланысты зерделейді және сараптамалық қорытынды береді. Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті Ұлттық орталықтың қорытындылары негізінде қажет болған жағдайда дәрілік препараттың қолданылуын шектеп, маркетингті тоқтатады, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізеді. Айналымға шығып кеткен препарат болса, кері қайтарып, препаратты елде өндіруге, таратуға және қолдануға тыйым салады.

Дәрі-дәрмек қолданудан зардап шеккен адам кімге жүгінуі керек?

Дәрілік препараттарға жағымсыз реакциялар байқалса немесе олардың емдік әсері болмаған жағдайда емханаға барып, медицина қызметкерімен бірге хабарлама-карта жасау керек. Бұл ретте хабарламада әрбір нақты жағдайға барынша талдау жүргізу үшін қажетті деректерді: пациент туралы ақпаратты, қолайсыз оқиғаны, күдікті препаратты, өзін-өзі емдеуді қоса алғанда, басқа да дәрілік заттар туралы ақпаратты сипаттау өте маңызды.


Соңғы жаңалықтар