Дәрі-дәрмектің бағасын төмендету үшін оларды тіркеу процесін цифрландыру ұсынылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Дәрілік препараттардың бағасын төмендететін және олардың Қазақстанға жеткізілуін жеделдететін шаралар қарастырылып жатыр. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қаржы нарықтары және өзге де салалар департаментінің директоры Мира Тұяқбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство таратқан хабарламаға сәйкес, Қазақстанда дәрілік препараттардың толық тізбесі реттеліп жатыр, бұл – шамамен 7 705 препарат. Алайда, медициналық және дәрілік препараттарға шекті бағаларды қалыптастыру рәсімінің өзі бюрократияланған және мемлекеттік органдар үшін де, бизнес үшін де ашық емес. Жеткізушілерге оларды тіркеу кезінде бағаны көтеруге мүмкіндік беретін факторлар бар.

«Өтініш беруші ұсынатын сараптама ұйымының деректері екі рет тексерілмейді. Себебі, ақпарат берушіге жауапкершілік жүктелген. Осыған байланысты біз процесті цифрландыруды және қолданыстағы МКК және кеден ақпараттық жүйелерімен біріктіруді ұсынамыз. Нәтижесінде кейбір дәрілік препараттар бойынша бағаның негізсіз өсуін жоя аламыз, бұл препараттың құнын төмендетуге мүмкіндік береді», - дейді Мира Тұяқбаева.

Айтуынша, қазір бизнес үшін дәрі-дәрмекті тіркеу процесі ұзақ, күрделі және қағазбастылық көп. Қазақстанға жаңа препарат енгізу 3 жылдан 5 жылға дейін уақыт алады. Себебі, көбіне қарау мерзімі келісілмейді немесе бұзылады. Сондай-ақ, келісудің барлық кезеңдері өтсе де, препарат нарыққа жіберілмейтін жағдайлар болады.

«Мұның бәрі дәрінің нарыққа шығу процесін баяулатады және шығындарды арттырады. Мысалы, қазір Украинадан «Корвалол» препаратының жеткізілу мерзімі бұзылуына байланысты дәріхана желілерінде бұл дәрі жоқ, ал осы уақытта тіркеуі бар отандық тауар өндіруші бекітілген шекті бағаның болмауына байланысты қолындағы препаратты нарыққа шығара алмайды. Сол себепті, жергілікті атқарушы органдар жыл басынан бері бюджеттен бөлінген қаражатқа тегін дәрі-дәрмек сатып алу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізе алмады», - деп түсіндіреді Мира Тұяқбаева.

Осыған байланысты БҚДА тіркеуді цифрландыруды, дәрілік заттар нарығына кірудің барлық бизнес-процестерін оңтайландыра отырып, «Бірыңғай терезе» әдісімен мемлекеттік қызмет форматына ауыстыруды ұсынады. Спикердің айтуынша, агенттік денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, дәрілік заттардың теңгерімді баға белгілеу мәселелері бойынша бірлескен іс-шараларды іске асыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеген. Ол әзірге бекітілмеді. Мира Тұяқбаеваның айтуынша, жоспар бір жылдан бері денсаулық сақтау министрлігімен келісіліп келеді.

Бағаны мемлекеттік реттеу тақырыбына тоқтала келе, спикер 2023 жылдың қаңтарынан бастап дәрілік препараттардың құнын реттеуді бастау жоспарланғанын атап өтті. 2022 жылғы қаңтарда көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін бағалық реттеуге жататын дәрілік заттар тізбесінің жобасын қалыптастыру және бекіту тәртібі бөлігінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне нарықты ырықтандыру үшін қажетті өзгерістер енгізілді. Тізбеге кірмейтін препараттардан мемлекеттік реттеу біртіндеп алынып тасталатын болады.

«Бастапқы кезеңде рецепсіз сатылатын дәрілік заттардың бағасын реттеу көзделеді, онда үштен астам өндіруші бар және олар еркін сатылымда, гомеопатиялық құралдар, биологиялық белсенді қоспалар, витаминдер мен дәрілік препараттар, күрделі емес ауруларды емдеу дәрілері. Екінші кезең –бөлшек саудадағы рецепт бойынша дәрі-дәрмектер. Үшінші кезең – көтерме саудадағы рецепт бойынша дәрі-дәрмектер. Сайып келгенде, дәрілік препараттардың бағасын міндетті реттеу кепілдендірілген медициналық көмек пен әлеуметтік сақтандыру шеңберінде ғана қалады», - деп нақтылады Мира Тұяқбаева.


Соңғы жаңалықтар