Дәрі-дәрмекті тіркеу шарттары оңтайландырылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде дәрі-дәрмекті тіркеу шарттары оңтайландырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет айтты.

«Денсаулық сақтау саласындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі жол картасының аясында дәрі айналымындағы бүкіл процестерді оңтайландырып, автоматтандыру көзделіп отыр. Бұл шаралар дәрі-дәрмекті Қазақстан аумағында тіркеу шараларынан бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі шаруаның бәрін қамтиды», - делінген жауапта.

Қазіргі таңда дәрі шығаратын 37 отандық компания мемлекетпен ұзақмерзімді келісімшарт аясында жұмыс істеп тұр.

«Бүгінде 37 отандық тауар өндірушімен 4 700 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге бағытталған 101 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған. Ісікке қарсы препараттар мен иммундік модуляторлар, жүрек-қан тамыры жүйесін, жүйке жүйесінің ауруларын емдеуге арналған препараттар, қабынуға қарсы стероидты емес препараттар және денсаулық сақтау жүйесі талап ететін басқа да препараттар өндірісі жолға қойылған. Келісімшарт арқылы дәрі-дәрмек өндірісін дамытуға мүмкіндік беретін оффтейк-келісімшарттар жасау режесін оңайлату бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр», - деп жазады Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар