Дәрі-дәрмек бағасын себепсіз көтергендерге 240 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үш жылда дәрі-дәрмек бағасын себепсіз көтергендерге 240 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәрілік заттарға белгіленген шекті бағаны көтергендер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабы бойынша жауапқа тартылады. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын бақылау аясында 2020-2022 жылдары 243,3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, бағаны шекті деңгейден асырудың 911 дерегі анықталды», - деді Ж.Бүркітбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол халықты қамтамасыз ету үшін және мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмек көлемін көрсету аясында 2023 жылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 1 669 атауын бір орталықтан сатып алу қарастырылғанын айтты.

Оның ішінде стационарлық көмек көрсету үшін шамамен 184 млрд теңгеге 1 580 түрі, сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 232 млрд теңгеден астам сомаға 636 түрі пайдаланылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде елімізде 7,5 мыңға жуық дәрілік препарат пен 11 мыңнан астам медициналық бұйым тіркелген. 2022 жылы дәрі-дәрмектің 117 атауына және медициналық заттардың 164 түріне теріс қорытынды жасалды, яғни олардың нарыққа жіберілуіне рұқсат берілмеді.

Айта кетейік, жақында сенатор Ақмарал Әлназарова сапасыз дәрілік заттардың импортына тосқауыл қоюға қатысты ұсыныс айтты.


Соңғы жаңалықтар