Дәрі-дәрмек бағасын реттеу: Ережеге бағынбаған дәріханаға қандай шара қолданылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шілдеден бастап Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек пен медициналық препараттардың бағасын реттеу жөніндегі бұйрығы күшіне енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп жатыр. Осыған байланысты, бағаларды реттеу, дәрі-дәрмекті рецепт бойынша сату және жалған дәрі-дәрмектерге қарсы күреске қатысты бірқатар заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша, министрлікке дәрі-дәрмектің бағасын реттеу құзіретін беретін заңнама нормасы күшіне енді. Аталған норманы жүзеге асыру үшін бағаны реттеу ережелері жасалды. Жаппай және жекелей сату бойынша шекті бағаларды бекітетін бұйрық дайындалды. Ол заңнама тәртібі бойынша бұйрық мақұлдауды күтіп жатыр. Әділет министрлігі бекіткеннен кейін шілде айында бөлшектік желілерде дәрі-дәрмекті сатудың шекті бағалары пайда болады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова Үкіметтің баспасөз орталығында.

Комитет басшысының айтуына қарағанда, аталмыш бұйрық Денсаулық сақтау министрлігінің және аумақтық бөлімшелердің барлық ақпараттық ресурстарында жарияланады.

«Дәрі-дәрмектің бағасы белгіленген шекті бағадан төмен болады. Шекті бағадан қымбат болмайтыны анық. Бұл қадам елдің барлық аумағындағы баға саясатын реттеуге көмектеседі. Яғни, белгілі атаулы дәрінің бағасы барлық жерде бірдей болады. Баға ережелерін бұзғаны үшін 70-1000 АЕК дейін әкімшілік айыппұл салынады. Қайталанған заңбұзушылық тіркелсе, фармацевтикалық жұмысты тоқтатуға дейінгі шара қабылданады», - деді ол.

Фармацевтика саласының басымдықтарының бірі - рецепт бойынша дәрі-дәрмекті жазып беру және ол дәрілерді қабылдау жүйесін күшейту болмақ.

«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дәрі-дәрмектің 80 пайызы дәрігер рецептісі бойынша жазылып берілуі керек. ДДСҰ біздің елге талдау жүргізіп, дәрігер кеңесімен берілуі тиіс препараттардың 50 пайызы ешқандай рецептісіз сатыла беретінін анықтады. Осы дәрі-дәрмектің 10 пайызы - Қазақстанда тіркелмеген, жалған дәрілер екені белгілі болған. Рецептісіз берілген дәрімен емделу - сырқатты ұзартып жіберуі мүмкін. Дәрі-дәрмекті жүйемен, уақыты бойынша қабылдамаса - салдары күрделі болып кетуі мүмкін», - деді Людмила Бюрабекова.

Соңғы жаңалықтар