Дархан Жазықбаев Түркия Президенті жанындағы Адами ресурстарды басқару офисінің президентімен кездесті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаев әріптесі – Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адами ресурстарды басқару офисінің президентімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбаев 9 желтоқсан күні өтетін «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумына арнайы келген Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Адами ресурстарды басқару офисінің президенті Салим Атаймен кездесті.

Кездесу барысында Дархан Жазықбаев Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын іске асыру аясындағы Агенттіктің міндеттеріне тоқталып, мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған жұмыс барысымен бөлісті.

Агенттік төрағасы мемлекеттік аппараттың жұмысын бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке «кіру» және одан «шығу» талаптарының жеңілдетілуі, стратегиялық HR-дың дамуы, мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тартуға, мемлекеттік қызметті цифрландыру бағытындағы шаралармен таныстырды.

Салим Атай мемлекеттік қызмет саласын заман талабына сай үнемі жетілдіріп отыру маңыздылығына тоқталды және өз тарапынан Түркия елінің мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

Шетелдік қонақ мемлекеттік қызметті цифрландыруға бағытталған «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту және кадрлық бизнес-процестерді оңтайландыру мәселесіне қызығушылық білдіріп, Түркия Республикасының «E-Insan» цифрлық HR платформасының жұмысы туралы ойын ортаға салды.

Тараптар ағымдағы жылдың қараша айында Самарқанд қаласында қол қойылған «Түркі Мемлекеттерінің Ұйымына мүше елдердің ведомстволары арасындағы өзара түсіністік туралы» меморандум аясында мемлекеттік қызметте цифрлық технологиялар және адам ресурстарын басқару саласындағы озық тәжірибемен алмасу мәселелерін талқылады.

Шетелдік қонақтарға Агенттік қызметкерлеріне арналған мобильдік жұмыс орындар, Президенттік жастар кадр резервінің офисі, Академия магистранттары мен докторанттарына арналған цифрлық коворкинг залы, 3D голографиялық дәрістер түрінде ақпаратты шығаруға мүмкіндік беретін голограмма залы көрсетілді.


Соңғы жаңалықтар