Дархан Мыңбай: Президент мақаласы - Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құлақ күйі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай кеше «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында азаттықтың қадір-қасиетін, ұлт тарихының мән-маңызын, құндылықтар сабақтастығының жай-жапсарын бүгінгі сын-қатерлер аясында түсіндіреді. Атқан таңдай ақиқат сол - тарих қашанда жас ұрпақ үшін қажет» дейді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, Президент мәселені жаңа қырынан қойып отыр.

«Ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді» делінген мақалада. Бұл - сабақтастық жолы. Естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нақты тарихи мәлімет беретін оқулық түзу туралы тиісті құрылымдарға тапсырған болатын. Барлық мәселе білікті мамандарға келіп тіреледі. Әйтсе де Елбасы өзі бастама көтеріп, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық тарихи мақалалар жазды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы - Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құлақ күйі. Үлкен тарихты бағалаудың жаңа платформасы. Жаңашыл концепция. Өткен күн, қазіргі шақ, болашақ арасын жалғайтын рухани таным арқауы. Қазір Отан тарихына жауапты ғылыми мекемелер, тиісті министрлік, университеттердегі кафедралар мен ғылыми-зерттеу орталықтар бар. Қаншама уақыт ішінде мемлекеттік маңызы бар тапсырманың орындалмауы - ұйымдастыру жұмысындағы кемшіліктің көрінісі. Немесе жауапты тұлғалардың тікелей қызметтік міндеттерін орындауға қабілетсіздігі. Бұл - ащы сын, бірақ халық сыны!» дейді Дархан Мыңбай.

Депутаттың сөзіне сенсек, енді мәселені тез бағамдап, түбегейлі шараларды іске асыратын нақты мерзімдерді белгілеу - Тәуелсіздіктің талабы.

«Әрине, бұл іске ең білікті отандық тарихшылар мен басқа да гуманитарлық ғылым өкілдерін тарту - маңызды іс. Сарапшылардың деңгейі мен тәжірибесі, талабы мен талғамы жоғары болуға тиіс. Түптеп келгенде, бұл - тарихымыздың алдындағы, мемлекетіміздің алдындағы жауапкершілік. Кезек күттірмес міндет. Бұл жаңа буын, жас талаптар үшін ауадай қажет. Өйткені, отанды сүю мемлекеттік тілді меңгеруден, тарихты білуден басталады» деп түйіндеді сөзін Мәжіліс депутаты.


Соңғы жаңалықтар