Дархан Мыңбай: Бейбіт өмірді қалпына келтіру – әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі болып жатқан төтенше оқиғаға байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматыда не болды? Адам нанғысыз сойқан болды. Көптің көлеңкесіне тығылған содыртектестер, адам кейпінде есірген, елірген, бұқпантайлаған айуандар бұзық ойларын іске асырды. «Адам аласы ішінде» дегендей, қылмыстық тобыр лаң салды. Қиратудан, жайратудан бастап, кісі сабау, өзгенің меншігіне қол салу, біреудің мүлкін тонау, өртеу, көзге түскен күллі дүниенің күлін көкке ұшыру агрессияның аранын ашып көрсетті. Соғыста емес, бейбіт күнде көз жұму, зәбір көріп, зардап шегу, бүтінді бүлдіру, қарақшылыққа бару – нағыз қылмыс, кешірілмейтін күнә. Құдайдың алдында күнәһарлық жасап, қарапайым адамдардың наласына қалды. Желілерде, телеарналарда көрсетілгендей, ар соты арашалай алмайтын арсыздық, арандатушылық орын алды. Төтеннен, бөтеннен келгенге қарсы тұрар тосқауыл бірден табыла кетпегені де түрлі ойға қалдырғаны жасырын емес», дейді депутат.

Сонымен қатар, ол қалыптасқан жағдайды дер кезінде бақылауына алған ел президентінің әрекетіне тоқталып, конституциялық құзыретке сай шешімдер қабылданғанын атап өтті.

«Ел тарихында бұрын-соңды болмаған түбегейлі батыл қадамды халық бірден қолдады. Еліміздің тұтастығы, халқымыздың тағдыры, бейбіт адамдар өмірінің қауіпсіздігі қыл үстінде тұрғанын ескерте келіп, Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы үшін басын бәйгеге тігуге дайын екенін мәлімдеді. Төтенше жағдай жариялап, әскери және құқық қорғаушы азаматтардың отансүйер істеріне баға беріп, оларды моральдық жағынан мықты болуға жігерлендірді. Шетелде арнайы дайындалған елбұзарлар тарапынан жасалған шабуыл агрессиялық акт екендігі де анық айтылды. Иә, өздерінің отаны жоқ қаскөйлердің аяушылық сезімінен жұрдай болатыны белгілі. Сондықтан оларды да аяуға болмас. Бейбіт өмірді қалпына келтіру дәл бүгінде әрбір лауазымды тұлғаның, мемлекеттік қызметшінің, әр тұрғынның, азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Бұл халықтың ортақ талабы, шынайы тілегі», - дейді Дархан Мыңбай.


Соңғы жаңалықтар