Дархан Қыдырәлі ұстаздар арасында Egemen Qazaqstan-ның беделі артқанын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұстаздар арасында «Егемен Қазақстан» газетінің беделі артты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған басылымның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінгі күні «Егемен Қазақстан» оқырмандарының негізгі бөлігін жастар құрап отыр. Яғни, арнайы жүргізілген сауалнама барысында газетті 18 бен 34 жас аралығындағы адамдардың оқитыны анықталған. 

«Қазір газет қызметкерлерінің де жасы жасарды. Мәселен, 2 жыл бұрын орташа жас 57 болса, қазір 30 жасты құрайды. Сол сияқты біздің оқырмандарымыздың жасы да 18 бен 34-тің арасында. Бұл газеттің жастарға неғұрлым қызық болып келе жатқанын көрсетеді», - деді ол.

Газет басшысы соңғы уақытта Қазақстан оқырмандары арасында орын алып отырған трендке де тоқталды. 

«Бұл қазақ аудиториясының кеңейгені десек болады. Қазір қазақ тілді басылымдар, соның ішінде «Егемен Қазақстанның» таралымы артып келеді. Жалпы газеттердің таралымында белгілі бір деңгейде төмендеу байқалса, «Егемен Қазақстанның» таралымы ұлғайды. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 20 мыңға көбейдік. Бұл әкімшілік ресурссыз, ешқандай күштеусіз орын алды. Біз күштеп жаздыруға қарсымыз. Былтыр да мәлімдеме жасадық. Таралымымыз артып келеді. Өйткені, стратегиямен жұмыс істедік. Біріншіден, жастармен жұмыс жасадық. Екіншіден, білім саласы - біздің негізгі оқырмандарымыз. Сондықтан ҰБТ-ға дайындық сұрақтарын жүргіздік. Мұғалімдерге қосымша беттер арнадық. Сол арқылы ұстаздар қауымы арасында Егеменнің беделі артты», - деді Дархан Қыдырәлі.

Соңғы жаңалықтар