Дархан Кәлетаев: Қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның сындарлы жұмысының үлгісі болуы қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның сындарлы және тиімді жұмысының үлгісі болуы керек. Бұл туралы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Алматы қаласының қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырсында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, діни бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Дархан Кәлетаев өз сөзінде азаматтық қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі құралдарының бірі саналатын Қоғамдық кеңестердің қызметі туралы баяндады.

«Қоғамдық кеңестердің тәуелсіз статусы қатысушыларды заманауи трендтерден қалыс қалмауға ғана емес, сонымен қатар, күн тәртібінің өзіне бейімделуге міндеттейді. Бүгінде сіздердің әрқайсыларыңыз мемлекет пен қоғамның өзекті мәселелері бойынша саяси және қоғамдық пікіралмасудың өзіндік ұлттық негізін қалай отырып, маңызды тарихи миссияны орындап отырсыздар», - деді Дархан Кәлетаев Қоғамдық кеңес отырысының қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні бүкіл әлем азаматтық белсенділіктің, оның цифрлық және виртуализация нысандарын трансформациялауды бастан өткеруде, сондықтан бұл жағдайда кейде хайп және популизм технологиялары тиімді болып көрінуі мүмкін.

«Бұның өзі азаматтық қоғам үшін қауіпті сын-тегеурін болып саналады. Сондықтан осындай қиындықтарға қарсы тұрып, маңызды және жүйелі мәселелерді  шешуде кәсібилік пен бірізділік ұстанымын сақтауымыз керек. Барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестер азаматтық қоғамның сындарлы және тиімді жұмысының үлгісі бола алады және болуы керек», - деп сөзін жалғады Д.Кәлетаев.

Кеңес қызметінің сапасына әсер етудегі оның жеке құрамы мен кәсіби рөлінің маңыздылығын атай келе, Дін істері және азаматтық қоғам министрі  Алматы қаласы Қоғамдық Кеңесінің тәжірибесін жоғары бағалады.

Өзекті мәселелерді шешу және Қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру үшін Дархан Кәлетаев бірнеше жүйелі шараларды жүзеге асыруды ұсынды. Атап айтқанда, қоғамдық кеңестер туралы заңнаманы жетілдіру, кеңестердің қызметін әдістемелік қамтамасыз етуді күшейту және оқу семинарларын өткізу арқылы қоғамдық кеңестер мүшелерінің жүйелі негізде әлеуетін арттыру ұсынылды.

Қазіргі уақытта республика бойынша 229 қоғамдық кеңес құрылғанын, оның ішінде республикалық деңгейде -16,  облыстар мен Астана және Алматы қалаларында - 16,  қалалар мен аудандарда- 197 қоғамдық кеңес жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз. Өңірлік қоғамдық кеңестердің сапалық құрамына үкіметтік емес ұйымдардың, (орташа есеппен алғанда 20,6%), бизнес-қоғамдастықтардың (9,2%), саяси партиялардың (6,6%), кәсіподақтардың (4,6%), бюджеттік ұйымдардың өкілдері (8,7%), мәслихат депутаттары (7,3%) және қоғам қайраткерлері (7,3%) кіреді. 

Соңғы жаңалықтар