Дархан Кәлетаев: Қазақстанда жұмыссыз жастар азайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев Қазақстандағы жұмыссыз жастардың саны азайғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жастарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша жаһандық үрдістермен салыстырғанда, елдегі жағдай тұрақты. 2001 жылмен салыстырғанда жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 16% -дан 4% -ға дейін төмендеді және бірнеше жыл қатарынан осы деңгей сақталып келеді. Ресми статистика бойынша, жұмыссыздық деңгейі 3,9% құрап отыр», - деп мәлімдеді Д.Кәлетаев.

Елімізде жастарды әлеуметтендіруге және жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» - «Серпін», «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резерві» және т.б. жобалар бар.

Министрдің айтуынша, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында барлық мамандарға арналған тегін техникалық және кәсіби білім беру (ТжКБ) жобасы іске асырылып жатыр, бұл экономика қажеттіліктері бойынша білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. 381 мамандық бойынша 312 колледжде 21 мың адам оқытылуда.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылы мектеп бітіргеннен кейін біліктіліксіз қалып қойған жастарға қосымша 31,2 мың орын бөліп, тегін техникалық және кәсіби білім беруді қолға алмақ», - деді Д.Кәлетаев.

Бұдан басқа, жастар кәсіпкерлігін дамыту және жастарды жұмыспен қамту үшін микронесиелер алуға арнайы квоталарды енгізу қарастырылған.

«Жоғары оқу орнын немесе ТжКБ бітірген, бірақ жұмысы жоқ 63 мың адамды жұмыспен қамту үшін квоталарды ұлғайту және «Жастар тәжірибесі» жобасына қатысатындардың жалақысын жоғарылату шаралары қолданылады», - деп атап өтті ол. 

Соңғы жаңалықтар