Дархан Кәлетаев: Қазақстан Президентінің Жолдауы - өндірістік революцияның формуласы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын арнады. Онда Мемлекет басшысы Қазақстанның өндірістік және технологиялық дамуын жеделдетуді мақсат тұтқан 10 міндетті ұсынды. Қазақстандық және ресейлік БАҚ бұл Жолдауға қазірдің өзінде революциялық сипатқа ие деген баға берген.

Өзінің инновациялық және өндірістік әлеуетін толыққанды дамыту үшін Қазақстанның 4.0 технологиялық артықшылығын қалай қолданатыны туралы ҚР Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Дархан Кәлетаев кеңірек толғайды. «ҚазАқпарат» оқырман назарына Ресейдің «Парламентская газета» басылымының тілшісімен әңгіме өрбіткен сенатор Дархан Кәлетаевтың сұхбатын ұсынады.

- Нұрсұлтан Назарбаевтың өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуда инновациялар мен технология амалдары қаузалған қазіргі Жолдауының осы уақытқа дейін жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалардан қандай айырмашылығы бар?

- Иә, шынында да, Қазақстан Президентінің ұлтқа жолдаған Жолдауында ел алдына қойылған міндеттердің көбі осы уақытқа дейінгі «100 нақты қадам», «Қазақстан-2050» даму стратегиясы мен өзге де бағдарламада белгіленгенін атап өтті. Бұл жолғы Жолдауды сол бағдарламалардың логикалық тұрғыдағы жалғасы деуге болады. Жаңа Жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру мен технологиялардың дамуы өнеркәсіптің, қаржы секторының, логистиканың, ауыл шаруашылығы, білім мен медицинаның жаңғыруына себеп болатынына баса маңыз береді. Демек, Қазақстан көшбасшысының жаңа Жолдауы - ел дамуының индустриялық-инновациялық бағытын жүйелендіретін 4.0 өндірістік революциясының формуласы.

Тиімділіктің артында «ақылды» технологияларды жасап шығару амалы, энергияның баламалы көздерінің дамуы тұрғанын Мемлекет басшысы түсінеді.

Қазақстан басшысының Жолдауының ерекшелігі - ол инновациялар мен жаңа технологиялар туралы дерексіз емес, өнеркәсіптік даму контексінде айтып тұр. Президент табиғи ресурстарды тиімді түрде пайдалану үшін ақпараттық-технологиялық платформа енгізуге баса назар аударады. Біздің ел үшін бұл - ең алдымен мұнай. Қазақстандық көшбасшы кәсіпорындардың энергияның үнемділігі мен тиімділігі үшін «ақылды» технологияларды дамыту арқылы энергияның баламалы көздерін дамытудың артықшылығын түйсінеді. Ол сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, құрылыс, банк секторы мен ең бастысы адам капиталын дамытуда цифрлық технологияларды белсенді түрде қолданудың маңыздылығын айтады. Президент ерекше назар аударып отырған басты басымдық - меніңше, қазіргі өміршеңдікте адамдар айналаға тез бейімделіп, жаңа технологияларды жылдам меңгере білуінде.

- Қазақстан экономикасы Ресей экономикасындай мұнай тәуелділігінен босап кете алған жоқ. Мемлекет басшылары мұнай тәуелділігінен құтылудың амал-әдістерін іздеуді жалғастыру үстінде. Астана бұл мәселеге келгенде жол тапты ма? Тапса басқа да тәуелсіз мемлекеттер үшін бұл жол қай тұрғыда пайдалы болуы мүмкін?

- Мұнай экспортының ешқандай жағымсыз тұсы жоқ. Табиғат берген табиғи байлыққа ешкімнің таласы болмайды. Мәселен, дамып кетті деген Норвегия да мұнай өткізіп отыр. Ол мемлекет мұнайының бар болғанын өзінің кемшілігі деп есептемейді. Себебі, ол өзінің экономикасын басқа да өндіріс саласымен күшейтіп алған.

Иә, энергоресурстардың экспорты Қазақстан бюджетінің негізгі үлесі болып қалып отырғаны шындық. Бұған қоса мемлекет басқа да өндірістік секторды белсенді түрде дамытуы керек. Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында табиғат ресурстарын басқарудың жаңа амал-әдістерін дамытуға шақырады. Экспорт нарығында біздің мұнай өнімі ғана емес, металлургиялық өнімдер, құрылыс материалдары, көлік құрау өнімдері де зор сұранысқа ие. Біздің елдің бұл тәжірибесі өзге мемлекеттердің де, оның ішінде Ресейдің де қызығушылығын тудырар деген сенімдемін.

- Ресей мен Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтасып келеді. Кез келген интеграциялық бірлестіктің міндеті - тауарлардың, капиталдар мен жұмыс күшінің еркін дамуына жағдай жасау болып табылады. Бұл бағытта ЕАЭО қаншалықты алға қадам басты?

- Кез келген экономикалық интеграцияның, сондай-ақ ЕАЭО-ның мақсаты - әрбір қатысушы мемлекеттің мүмкіндіктерін біріктіре отырып, ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Алайда бүгінгі күні тауарлар мен қызметтердің әлемдік нарығында салмаққа ие болу үшін өндірісті, шағын және орта бизнесті ғана дамытып қою жеткіліксіз. Мемлекеттердің арасында ЕАЭО елдері ұлттық шекараларда еркін жүре алатындай логистикалық және көліктік инфрақұрылымды дамытудың да маңыздылығы ерекше.  

Астана әу бастан мемлекет ішінде көліктік инфрақұрылымды жасауға маңыз берді. Сонымен қатар, республика аумағы арқылы өтетін халықаралық транзит - елге инвестиция, өндіріс пен технологиялық инновация тартудың бірегей мүмкіндігі екенін Президент осыған дейін де бірнеше мәрте атап өткен болатын. Елімізде «Нұрлы жол» стратегиясы жүзеге асырыла бастады. Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» бастамасы біздің стратегияға өте жақын. Бұл жобалардың бірін-бірі толықтырып тұратынын ескере отырып, ЕАЭО елдері трансқұрлықтық логистикада басты елдерге айнала алатынын айта кетуге болады. Бұл өз кезегінде экономикалық бірлестік жүргізіп жатқан құрылымдық реформаларды жеделдетеді.

- ЕАЭО ішінде мемлекеттердің транзиттік мәртебесі мұнай тәуелділігіне ұқсас деген әңгіме айтылып қалып жатыр. Логистикалық инфрақұрылымы дамыған мемлекеттер өндірістің басқа салаларын дамытуға мән бермей қалады деген пікірге қалай қарайсыз?

- Транзиттің мәртебесі мұнай тәуелділігіне ұқсас деген тезисті зерттелмеген пікір деп айтар едім. Бұл - мұнай деген мемлекеттерді өндірістік және технологиялық елге айналдырудан шектеп тұрған фактор дегенге ұқсас ой. Орталық Азиядан қаншалықты транспорттық дәліз өтсе, соншалықты мүмкіндіктер мен баламаларға жол ашылады. Дәліздердің бәсекесінен көліктік ұстаулар да азаяды. ЕАЭО мемлекеттері өзіне ыңғайлы бағдарлар мен бағаларды, нарықтарды таңдау мүмкіндігіне ие болады.

- Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы аясында ядролық қарусыз әлемнің қалануы бойынша біршама бастама көтеріп жатыр. Бұл бастамалардың іске асырылуының қаншалықты мүмкіндіктері бар?

- Астананың ядролық қарусыздандыруға қатысты бастамаларға моральды тұрғыда құқығы бар. Еске сала кетейін, КСРО тарағаннан кейін қазақстандық билік ядролық қарулардан бас тартты. Сынақ полигондары жабылды. 2017 жылдың тамыз айында Қазақстанда ядролық отындардың банкі ашылды. Ол банк атом энергетикасын дамытуға мүдделі мемлекеттерге төмен байытылған уран алуға мүмкіндік береді. Ядролық отындар банкінің Қазақстанда ашылуы халықаралық бірлестіктер мен МАГАТЭ-нің Қазақстан мен оның басшылығына сенетінін көрсетеді.

Басқа мемлекеттердің арасында сенім дағдарысы өршіп тұрған кезде халықаралық мәселелерді шешу жолында жауапкершілікті өзіне алуға Қазақстанның өзін дайын екенін көрсетуі - менің ойымша, астаналық келіссөздер форматының тартымдылығының себебі деп айтар едім.

Астана ядролық державалардың жаппай қырып-жоюға арналған қарулардан бас тартуы өте қиын екенін әрдайым түсініп келеді. Бірақ, осынау қарулары бар мемлекеттер адамзаттың тағдыры өз қолдарында тұрғанын ұмытпауы керек. Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев та айтқан еді. Ядролық қарусыздандыру бастамаларын алға жылжытудың қаншалықты күрделі екеніне қарамастан, Астана ерте ме, кеш пе ядролық қарудан гөрі халықаралық қауіпсіздіктің сәулеті әлдеқайда тұрақты екенін біледі.

- Қазақстан бұрыннан-ақ халықаралық дағдарыстырды реттеуде тиімді бітімгер екенін дәлелдеп келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың жуықта АҚШ-қа барған ресми сапарында осынау бітімгерлік рөлін Астана Қауіпсіздік Кеңесінде де атап өткен болатын. Сіздің ойыңызша, әлемдік бірлестік үшін келіссөздердің астаналық форматының ерекшелігі неде?

- Нұрсұлтан Назарбаев Иранның ядролық бағдарламасына қатысушыларға өзінің делдалдығын ұсынды. Келіссөздер соңына таяп қалса да, бірқатар нюанстар келісілуі керек болатын. Сонымен қатар, сириялық мәселеде ешкім жағдайдың саяси реттелуіне сенбей тұрған шақта Қазақстан келіссөздер алаңын құрып беруге дайын екенін білдірді. Желтоқсанда Астанада 2017 жылдың басында басталған сегізінші раунды өтті. Астаналық форматтың үлкен үлесі - Сириядағы текетірестің көптеген қақтығыстарын артта қалдырғаны.

Қазақстан қажеттілік болса әрқашан халықаралық мәселелерге келгенде шешім табуға көмектесетін болады. Егер біз біреуге қиын жағдайдан шыға алатындай шешім ұсына білсек, бұл тікелей біздің мүддемізге сай келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапарында да Мемлекет басшысы ресейлік-америкалық қарым-қатынастың жайсыз түрде өршіп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, оны реттеуде медиатор ретінде шыға алатынын білдірді. Біз үшін бұл маңызды. Біздің міндетіміз - тек қана даму. Ал даму әрдайым қиындықтармен бетпе-бет келеді.

 

Соңғы жаңалықтар