«Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасына өлең қабылдау аяқталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жылдың үздіктерін марапаттайтын дәстүрлі «Алтын тұғыр» салтанатты шарасының қарсаңында жас ақындар арасында жариялаған «Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасына өлең қабылдау аяқталды.

«Байқауға қатысуға ниет білдіріп өлеңдерін жолдаған ақындардың саны 50-ден асып жығылды. Kazaitys.kz сайтындағы ақын әріптестеріміздің іріктеуінен өтіп, жарамды деп танылған 25 өлең kazaitys.kz және ulttyqsport.kz сайттарында жарияланды»,- деп хабарлайды аталмыш қауымдастықтың баспасөз қызметінен.

Әділ қазылдар алқасы: төрағасы - Қалқаман Сарин, мүшелері - Балғынбек Имашев, Серікзат Дүйсенғазин, Айнұр Тұрсынбаева және Ұларбек Нұрғалым. 10 желтоқсан күні қазылар жарияланған барлық өлеңдерді сараптап, пікір алмасты.

Қазылар алқасы жеңімпаздың аты «Алтын тұғыр» салтанатты рәсіміне дейін құпия болатынын айтты. Оған дейін әділ қазылар өлеңдерді қайталап оқып, зерделеп, сосын ақындардың өресін, өлең құрылысының мінсіздігін, тақырыпты аша білу шеберлігіне әркім әділ бағасын бермек.

Мүшәйраға жасы 35-ке дейінгі жазба ақындар қатыса алады. Ақындар онда ұлттық спорттың кез келген түрін сипаттаған, яғни, бәйге, аударыспақ, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар жайлы бұрын ешқайда жарияланбаған жырларын ұсына алады.Байқаудың мақсаты - ұлттық спорт түрлерін насихаттау арқылы жастардың дәстүрлі өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық рухты биіктету, жастардың поэзияға деген құштарлығын арттырып, оларға қолдау көрсету және әлі таныла қоймаған ақындарды, әсіресе, жас дарындарды анықтау.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Тәуелсіздік күні қарсаңында 2014 жылғы ұлттық спорттың үздіктерін марапаттауға арналған «Алтын тұғыр» шарасын өткізеді.

Соңғы жаңалықтар