Данияр Шамшаев әлемдік Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Данияр Шамшаев Франция астанасы Парижде дзюдодан өтіп жатқан әлемдік Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Д.Шамшаев 73 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде канадалық Артур Маргелидоннан айласын асырды.

Данияр жарыс барысында бразилиялық Майкл Марселино мен француз Даниил Зубконы жеңді. Дегенмен атақты грузиялық Лаша Шавдатуашвилиге жол берді. Жұбаныш кездесуінде тағы бір франциялық Джоан-Бенджамин Габаны қапы қалдырды.

Бұл – өткен жылы Азия чемпионы атанған Даниярдың Grand Slam додасындағы алғашқы жүлдесі.

Осылайша, Парижде жарыстың алғашқы күні Қазақстан қоржынына екі қола медаль түсті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдошы Әбиба Әбужақынованың Grand Slam турнирінің қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Соңғы жаңалықтар