Данияр Елеусіновтің кәсіби рингтегі төртінші айқасы тікелей эфирден көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» телеарнасы Данияр Елеусіновтің (3-0, 1КО) кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегін тікелей эфирден көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елеусіновтің алдағы жекпе-жегі 20 қазан күні Американың Бостон қаласында өтетінін бұған дейін жазған болатынбыз. Оның қарсыласы - 30 жастағы америкалық боксшы, «Дәуіт» лақап атымен белгілі Мэтт Доэрти (8-5-1, 4КО).

«Қазақстанның кәсіпқой боксы» ВКонтакте әлеуметтік желісінде мәлім еткендей, алты раундқа есептелген айқасты Қазақстан аумағында «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Трансляция жексенбі күні, Астана уақытымен сағат 06.00-де басталады.

Айта кетейік, 27 жастағы Елеусіновтің мүддесін қорғайтын Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы оның кәсіби бокстағы бесінші жекпе-жегінің қашан және қайда өтетінін де жариялаған болатын. Оның қарсыласы әзірге белгісіз.

Еске салайық, Данияр Елеусінов биылғы 4 тамызда өткен жекпе-жекте венгриялық Габор Горбичті (26-13, 16КО) ұпай санымен жеңген болатын. Бұдан кейін қазақстандық боксшының BoxRec.com танымал сайтындағы рейтингі бірден 75 сатыға жоғарылады.

 

 

Соңғы жаңалықтар