Данияр Елеусінов келесі жекпе-жегін Техаста өткізеді
2022 жылғы 20 маусым 21:48

Данияр Елеусінов келесі жекпе-жегін Техаста өткізеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық боксшы, IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақта әлем чемпионы Данияр Елеусінов пен украиналық Иван Голуб арасындағы жекпе-жектің қайда өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Жартылай орта салмақтағы титулдық емес кездесу 25 маусым күні Техас штатының Сан-Антониодағы Tech Port Arena аренасында өтеді.

31 жастағы Данияр Елеусінов 2016 жылғы Олимпиадада алтын медаль иеленген болатын. Кәсіби мансабында 11 айқаста жеңіске жетіп, оның бесеуін нокаутпен аяқтаған еді. Соңғы рет Қазақстан өкілі шаршы алаңға 2021 жылдың желтоқсан айында шығып, аргентиналық Хуан Эрнан Леальді жеңген.

33 жастағы Иван Голуб рингте 21 жекпе-жек өткізіп, 20-сында жеңген болатын. Оның 15-ін нокаутпен ұтқан. Өткен жылдың тамыз айында ол америкалық Эрик Уолкерді жеңіп, USBA нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. 2017 жылы Иван Голуб АҚШ-тың спортшысы Джамонтей Кларкпен болған айқаста есе жіберген болатын. Бұл – украиналықтың жалғыз жеңілісі.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT