Данияр Ақышев: Макроэкономикалық саясат сыртқы күйзелістерге барынша орнықты болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышевтің пайымынша, Қазақстанның макроэкономикалық саясаты сыртқы күйзелістерге қатысты барынша икемді әрі орнықты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Сейсенбі күні Алматыда ҚР Ұлттық банкімен 2015-2017 жылдардағы қаржылық тұрақтылық бойынша есеп таныстырылды. Аталған есеп қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысындағы мандат аясында даярланды.

«Бұл есепте қаржылық тұрақтылыққа арналған кейбір тәсілдерімізді қайта қараймыз. Ол макроэкономикалық саясатқа, сол сияқты қаржылық реттеу саясатына да қатысты», - деді Д. Ақышев.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Ұлттық банкі экономикалық саясатта, қаржылық дамуда, қадағалау мен реттеу тетіктерінде өзінің рөлін жүйелі түрде қайта қарау қажеттілігі туындаған жалғыз орталық банк емес. Жаһандық қаржылық дағдарыстан кейін орталық банктерде ғана емес, қаржылық қызметтің бірнеше салаларында парадигма біртіндеп ауысты.

«Жаһандық дағдарыстан кейінгі сегіз жылдан кейін қаржылық есептілік стандарттары жөніндегі халықаралық ұйымдар қаржы құралдарын бағалау тәсілдерін өзгертті. Күтілетін шығындарды бағалаудың реттеуіш әдістері қаржылық есептілік стандарттарына жақын келді. Тәуелсіз аудиторлар институтының олигополизациясымен байланысты тәуекелдер барынша көрініп тұр, бірақ тиесілі тиімді шешім әлі де табылмай отыр», - деді Д. Ақышев.

ҰБ басшысы күн тәртібімен қоса қаржылық тұрақтылық туралы есеп бойынша озық тәжірибе де  өзгергенін сөз етті. Олар ел ерекшелігіне, тәуекелдер ерекшелігіне баса назар аудара бастады, есептер барынша жинақы болды.

«Реттеушінің тиімді әрекеттері қаржы жүйесінің проблемаларын толық түсіну кезінде ғана мүмкін. Қазақстанда бұл міндет кредиттік тәуекелдерді және банк активтерінің сапасын бағалаудың қалыпты әдістері пайдалы болмағандығымен күрделі болды. Мұндай жағдайда талдауға тәуекелдер орын алған жерлерде реттелетін қаржы ұйымдарын ғана емес, сонымен қатар есептілік пен реттеу жүйесін қоса алғанда, қаржы жүйесінің басқа да бөліктерін қамту орынды болады. Біз пруденциялық құралдарды ғана емес, банктің жай-күйі туралы есептілікті жасау қағидаттарын да қайта қарадық», - деп нақтылады Д. Ақышев.  

Ол макроэкономикалық саясат сыртқы күйзелістерге қатысты барынша икемді әрі орнықты болды деп толықтырды. Қазақстан үшін белгіленген айырбастау бағамымен байланысты тәуекелдер банк жүйесі мен бүкіл экономика үшін маңызды тәуекелдердің бірі болды.

Д.Ақышев 2015 жылы еркін айырбастау бағамына өту экономиканың сыртқы күйзелістерге осалдығын төмендеткенін, сондай-ақ макроэкономикалық саясаттың икемділігін арттырғанын, теңгеге сенімді қалпына келтіргенін, долларландыруды төмендеткенін, пайыздық мөлшерлемелерді басқару үшін және инфляциялық таргеттеу үшін мүмкіндіктерді ашқанын атап өтті. Есеп икемді айырбастау бағамының объективті қажеттілігін және белгіленген бағамға байланысты қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар