Данияр Ақышев: Инфляция 5-7 пайыздық дәлізде сақталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банктің бағалауынша жыл соңына дейін инфляция деңгейі 5-7 пайыздық нысаналы дәлізде сақталады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Данияр Ақышевтың айтуынша, инфляция 2018 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 3,3 пайыз болған. Бұл өткен жылғы осындай кезеңдегі көрсеткіштерден төмен. Жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда қыркүйекте 6,1 пайызға дейін төмендеген.

Ағымдағы жылы инфляция 5-7 пайыздық нысаналы дәлізде сақталады. 2019 жылы инфляция Ұлттық Банк осыған дейін бағалағаннан гөрі баяу төмендеп, 4-6 пайыз жаңа нысаналы дәліздің жоғары шегіне жуық қалыптасады.  Бұл сыртқы және ішкі факторлардан туындаған инфляциялық күтулердегі белгісіздіктің өсуіне байланысты», - деп атап өтті Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы.

Д.Ақышевтың айтуынша, халықтың пікірін жинау нәтижесі бойынша бір жыл алға күтілетін инфляцияны сандық бағалау шілдедегі 5,6 пайызбен салыстырғанда қыркүйекте 6,4 пайыз болған. Ұзақ мерзімді перспективада төмендеу үрдісіне қарамастан, инфляциялық күтімдер қысқа мерзімді кезеңде әлі де тұрақсыз. Инфляцияны басқаруды арттыруда оны 2019 жылғы нысаналы дәлізде сақтау үшін қазірден бастап шаралар қабылдау қажет.

«Ұлттық банк кеше базалық мөлшерлемені 9-дан 9,25 пайызға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді», - деді Банк басшысы.

Оның айтуынша, тамызда өнеркәсіп өнімі кәсіпорындары бағасының артуы жылдық көрсетуде 24 пайыз болған. Тау-кен өндіру салалары өнімінің қымбаттауы жылдық көрсетуде 37,5 пайызға жетіп, бұл мұнай бағасының өсуінен болып отыр. Соған қарамастан, өнеркәсіптегі баға динамикасы 6-12 ай шегінде тұтынушылық инфляцияға қысым көрсетуі мүмкін.

«Валюта нарығында теңге бағамы жыл басынан бастап 15 қазан аралығында 11,3 пайызға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 369,98 теңгені құрады. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, бұл АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюы. Екінші фактор - Ресейге қарсы санкциялардың болашақта қатаңдатылуы туралы мәлімдеу. Осы тұрғыдан Ресей рублінің әлсіреуі жыл басынан бері 15 пайыз болды. Ұлттық Банк шектерді, дәлізді немесе басқа да бағдарды белгілемей, өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуін жалғастырады», - деп атап өтті Данияр Ақышев.

Соңғы жаңалықтар