Данияр Ақышев депутаттардың ұсынысынан бас тартты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы құрылыс компанияларының көбі пайдалануға берілмей жатып-ақ, салып жатқан көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлерін үлескерлік тәртіппен сатып жіберетіні белгілі. Мәжіліс депутаттары нақты осы мәселе елімізде жаңа тұрғын үйлердің жетіспеушілігін тудырып, «7-20-25» бағдарламасының орындалуын шектеп отырғанын айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін «Нұр Отан» партиясы атынан бірқатар мәжілісмендер (Сабильянов, Айсина, Мәкен, Құрманова, Махамбетов) Ұлттық банк төрағасына ұсыныс жолдаған болатын. Олардың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша адамдар тек жаңадан салынған баспананы тек салушы компаниялардан ғана сатып ала алады.

Депутаттардың пайымынша, бағдарламаны жүзеге асырудағы басты кедергі - осы талап.

«2017 жылдың көрсеткіші бойынша, жеке компаниялар көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына 348 млрд теңге инвестиция салған. Ол соманың 188 млрд теңгесі - үлескерлердің ақшасы. Яғни, жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмей тұрып-ақ, сол үйдегі пәтерлердің жартысы жеке тұлғаларға сатылып кетеді. Бұл жағдай «7-20-25» бағдарламасы бойынша азаматтардың баспана алу мүмкіндігін айтарлықтай шектейді», - деді депутаттар.

ҚР жылжымайтын мүлік бойынша агенттігінің мәліметтері бойынша, үй салушы компаниялар пәтерлердің 80-90 пайызын пайдалануға бермей жатып сатып жібереді. Осыдан барып жаңа үйлердің жетіспеушілігі  сезіледі.

«Міне, сондықтан бағдарламаның салушы компаниялардан жаңа баспананы сатып алу туралы талабын -  қайталама нарықта үлескерлерден баспананы сатып алу мүмкіндігімен толықтыру керек. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, үлескерлік құрылыс негізінде үлескерлер ие болған қайталама баспананы сатып алуға жол ашар тың механизмды құруы керек. Ол үйдің құрылысының мерзімі үш жылдан аспаған болуы тиіс. Қайталама нарықтағы бұл өзгеріс халықтың басым бөлігін бағдарламаға тартары анық», - дейді мәжілісмендер».

Мәжіліс депутаттарының бұл ұсынысына Данияр Ақышев келесідей жауап берген.

«Үлестік құрылыс сатысында тұрғын үйді сатып алуға қаражаты бар бір азаматтардың «7-20-25» бағдарламасы бойынша басқа азаматтарға үйді қайта сату мүмкіндігін беретін тетікті енгізу әділ емес деп есептейміз. Себебі, мәмілені алыпсатарлық мақсатта жүзеге асыруы мүмкін азаматтардың белгілі тобы үшін бұл - анық артықшылықты жасайды. Сондықтан Ұлттық банк бұл ұсынысты қолдамайды», - делінген Данияр Ақышевтың жауабында.

Оның жауабына сүйенсек, болашақта құрылыс компанияларының көбінесе тұрғын үйді пайдалануға бергеннен кейін сату тетігін ынталандыру арқылы азаматтардың мүдделерін қорғау бойынша шаралар барынша тиімді болмақ.

«Ұлттық банкбБағдарламадан тыс «Баспана Хит» қосымша ипотекалық өнімді іске қосты. Онда қайталама тұрғын үйді мына талаптармен сатып алуды несиелеу көзделген: бастапқы жарна - тұрғын үй құнынан 20 пайыздан бастап, қарыз мерзімі -15 жылға дейін, несие бойынша мөлшерлеме жылдық 11,0 пайызды құрайды (Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі және 1,75 пайыз). Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 млн теңгені, басқа өңірлер үшін - 15 млн теңге болады. Қосымша ипотекалық өнім бойынша тұрғын үй қарыздарын беруді жуық арада бағдарламаға қатысушы банктер жүзеге асыратын болады», - дейді Данияр Ақышев.

Соңғы жаңалықтар