Данияр Ақышев: Айырбастау пункті - жай ғана терезе емес, лицензиялауды талап ететін ұйым

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев 26-қаңтардан бастап ақша айырбастау пункттеріне қойылатын жаңа талаптарды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең соңғы рет ақша айырбастау пункттерінің жарғылық капиталын арттыру туралы талаптар 2010 жылдары қарастырылған. 7 жыл ішінде осы талаптарды қайта қарау қажеттілігі туып отыр. Оның ішінде азаматтарға қызмет көрсетудің қауіпсіздігі үлкен мәселе болып отыр. Сонымен қатар олар қылмыстық жолмен келген қаржы туралы ақпаратты да жариялауға міндеттеледі. Ол үшін пункттердің техникалық жабдықталуын жақсарту керек», - деді Д.Ақышев.

Оның айтуынша, ақша айырбастау пункттері  - көп ақша айырбасталатын жай ғана терезе емес, қаржылық реттеушімен лицензиялауды талап ететін ұйым.

«Жарғылық капиталды арттыру туралы норма қабылдамас бұрын барлық мүдделі қауымдастықтармен кеңес жүргізілді. Қазіргі таңда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, «Атамекен» ҰКП бастаманы қолдады», - деді Данияр Ақышев.

ҚР Ұлттық банкінің қаулысына сәйкес, Алматы мен Астанада орналасқан әр пункттің жарғылық капиталы минимум 30 млн теңге, ал облыс орталықтарында орналасқан пункттердің жарғылық капиталы 20 млн теңге, басқа аймақтардағы пункттердің жарғылық капиталы 10 млн теңге болуы тиіс.

Еске сала кетсек, бұған дейін БАҚ беттерінде осы талаптың салдарынан көптеген ақша айырбастау пункттері жабылудың алдында тұрғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар