Данияда «Анаға апарар жол» фильмі аншлагпен өтті

None
None
КОПЕНГАГЕН. ҚазАқпарат – Дания астанасының қарт Nordisk Film Biografer Dagmar кинотеатрында режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны Қазақстанның Швециядағы Елшілігі ұйымдастырды.

Көрсетілімнің алдында сөз сөйлеген елші Қайрат Әбдірахманов жиналған дат жұртшылығына, дипломаттарға, қазақ диаспорасына Ұлы Дала елінің мәдениетінің үздік туындыларын ұсынуға жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.

Дат және скандинав кинематографының орталығы саналатын кинотетрға жиналған қауым халықаралық кино фестивальдердің марапаттарына ие болған фильмге аса жоғары баға берді. Залда ине шаншар орын болған жоқ.

Көрсетілім соңында көрермен қауымға қазақтың ұлттық киімдері, Қазақстанның алуан табиғатынан сыр шертетін фотосуреттер көрсетілді. Осы мәдени шоу жуырда Копенгагеннің танымал көркемөнер галереяларының біріне көшіріледі.

Осы іс-шаралар Қазақстан Республикасы мен Дания Корольдігінің арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың тарихында ерекше маңызға ие. Елдер арасындағы ынтымақтастықты алдағы уақытта қазақ жастары мен Скандинавияда тұратын қазақ диаспорасының белсенді қызметі жалғастыра түспек.

Төлеген Йенсен

Соңғы жаңалықтар