Даниал Ахметов Өскемендегі құрылыс жұмыстарын сынға алды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласындағы тұрғын үй құрылысын және пайдалануға беру көрсеткішін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы өңірде 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жолдардың 85%-ы жөнделді. Облыс экономикасына 714,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 112%-ға өскен. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 517 млн теңге мөлшерінде 106 грант берілді.

Десе де бірқатар қалалар межелі көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған. Осы ретте аймақ басшысы Даниал Ахметов орынбасары Бақытжан Байахметов пен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарды тұрғын үй құрылысы мен пайдалануға беру жұмыстарының баяулығы үшін сынға алды.

«Былтыр қол жеткізген оң көрсеткіштерге және тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын 117,4%-ға асыра орындағанымызға қарамастан, Өскеменде осы бағытта жұмыстар сылбыр жүргізілген. 69% деген өте төмен көрсеткіш. Бұл қала әкімі Жақсылық Омар мен менің орынбасарым Бақытжан Байахметов жіберген қателік. Мұнымен қоймай олар биылғы қазан айына дейін бір де бір шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап та отырған жоқ. Ал қаражат 100% бөлінген. Сондықтан жұмаға дейін бұл мәселені шешуді тапсырамын, – деді ШҚО әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы Семей, Өскемен, Риддер қалаларындағы балабақша кезегі мәселесіне тоқталды.

«Орынбасарым Әлішер Мархабатқа, сондай-ақ Семей, Өскемен, Риддер және Курчатов қалаларының әкімдеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында белсенді жұмыс істеуді тапсырамын. Он күн ішінде маған нақты ұсыныс енгізіңіздер», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар