Даниал Ахметов: Карантин жеңілдетілгенімен, сақтық шараларын ұмытпауымыз керек

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов карантиндік шектеулер жеңілдетілгенімен, сақтық шараларын ұмытпау қажеттігін ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жарты ай бойы біздің облыс карантиндік іс-шаралардың «сары аймағында» келеді. Соңғы он бес күнде төсек қорының қамтылу пайызы 14,5-тен 11,3% дейін төмендеді. Өңіріміздің әрбір тұрғынының азаматтық жауапкершілігі және кәсіпкерлердің санитарлық талаптарды сақтаудағы күш-жігері облыс аумағында тұрақты жағдайдың сақталуына зор үміт береді», - деп жазды Даниал Ахметов Facebook-парақшасында.

Оның айтуынша, бүгінде ШҚО-да шағын және орта бизнес әдеттегі жұмыс қалпына қайта көшуде. Алдағы мереке күндері кәсіпкерлердің штаттық режимде жұмыс істеуіне де мүмкіндік беріліп отыр.

«Осылайша, облыс аумағында орналасқан азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың сауда объектілеріне, яғни базарларға, сондай-ақ супер және гипермаркеттерге, сауда үйлеріне, сауда-ойын орталықтарына мереке күндері (16-19 желтоқсан аралығында) жұмыс істеуге рұқсат берілді. Әрине, барлық санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Демалыстан (жексенбіден) басқа күндері спорт нысандары, мұз айдындары, моншалар, бассейндер мен СПА-орталықтары алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ балаларды оңалту және білім беру орталықтары, мәдениет объектілері, кітапханалар, мұражайлар, бизнес-орталықтар және сұлулық салондары ШҚО Бас санитары міндетін атқарушының қаулысында белгіленген шектеулерге сәйкес қызметін жүзеге асырады», - деді аймақ басшысы.

Даниал Ахметовтың сөзінше, дәрігерлер көп адам жиналуы ықтимал кез келген шарадан бас тартуды ұсынуда. Сондықтан қоғамдық тамақтану орындарында жаппай, отбасылық, ұжымдық мерекелер өткізуге рұқсат жоқ.

«Сондай-ақ балалар ойын алаңдары мен аттракциондардың қызметіне тыйым салынды. Барлық кәсіпорындар әрбір қызмет саласы үшін белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Біздің басты міндетіміз – карантиндік шектеулер жеңілдетілгенмен сақтық шараларын ұмытпай, індеттің қайта өршуіне жол бермеу», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар