Данелия Төлешова туған тілінде ән айтуды қалайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Украинаның «Голос. Дiти» байқауында жеңіске жеткен алматылық әнші Данэлия Төлешова өз репертуарына сай келетін қазақ әндерін іздеп жүр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әншінің анасы Елена Төлешованың айтуынша, Данэлияның ұстазы Наталья Александровна жас әншінің репертуарына жете көңіл бөледі. Заман талабына сай шығармаларды таңдауға тырысады. "Біз туған тілімізде әндерді жазып алуды жоспарлап жүрміз. Бірақ бізбен жұмыс істейтін авторларды таба алмай жатырмыз. Туған тілімізде ән жазып алу қажет. Ондай адамдар табылады деп ойлаймын", - дейді Е.Төлешова.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа әндерді жазып беретін авторлар табылса, құба-құп. "Қазір біздің репертуарымызда тек орыс тіліндегі әндер ғана бар. Біздің ұстазымыз Наталья Александровна Данэлияның әндерін өте мұқият  таңдайды. Шығармалардың музыкасы да, әнді орындау мәнері де заман талабына сай болса екен деп тілейді. Сол себепті ол кісіге ұнаса, біз міндетті түрде ол әнді орындайтын боламыз", - деп атап көрсетті Елена Төлешова.

Айта кетейік , бүгін Данэлия ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлымен кездесті. Министр жас әншіге өз құттықтауын жеткізіп, мини-айпад сыйлады. Сол жерде Данэлия алдағы жоспары жайында хабардар етті. 

Таяуда ғана 10 жастағы алматылық әнші Данэлия Төлешова Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында жеңіске жеткен болатын. Алғашқы кезеңде ол  "Stone Cold" әнін орындап, барлық қазылар алқасына өзіне қаратты. Данэлия осы әнін Youtube желісінде 8 млн-ға жуық адам көрді.  

Ал финалда «Не твоя война» атты композицияны орындап, көпшілікті тәнті етті. Арнайы атақпен бірге Данэлия Төлешоваға Disneyland Paris-де саяхаттауға жолдама берілді.

 

Соңғы жаңалықтар