Данэлия Төлешова обырды жеңген балалармен бірге спектакльде ойнады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Шығармашылықтың қанатында» атты онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арналған арт-терапиялық жоба аясында Алматыда музыкалық спектакль қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Музыка бағытында» атты тұсаукесер қойылымның басты ерекшелігі -рөлдерді ойнап шыққан жас актерларда. Олардың әрқайсысы күрделі жолдан өтіп, онкологиялық сырқатты жеңген. Балалардың кейбірі әлі де емделу процесінде.

Қойылымда басты рөлдердің бірін есімі әлемге танылып үлгерген қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова ойнады. Ол әуезді дауысымен сырқаттарды емдейтін кейіпкердің рөлін сомдады.

«Біздің бірлестікті 2013 жылы дәрігерлер құрған болатын. Оқыту және зерттеу жобаларымен қатар, әлеуметтік бастамалармен де айналысамыз. Осы мамандық бойынша жұмыс атқарып жүріп, онкологиялық аурулармен күрес рухани беріктікті, моральдық қуатты және қолдауды, отбасылық бірлікті қажет ететінін білеміз», - дейді «Ғылыми-медициналық қоғам» ҚБ төрағасы, «Шығармашылық қанатында» жобасының авторы Сүрия Есентаева.

«Шығармашылық қанатында» жобасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Оның аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық орталығының пациенттері актерлік шеберлік пен театр өнеріне қызыға бастаған.

2019 жылы «Музыка бағытында» атты музыкалық хикаяны композитор Юлия Лебедева жазып шыққан. Қойылымдағы барлық рөлдерді онкогематологиялық және күрделі ауруларға шалдыққан балалар сомдайды.

«Балаларды оңалту және әлеуметке бейімдеудің әртүрлі сипаты бар. Ол балалардың бәрі де қиын жолды басып өткен. Әлеуметке бейімдеу жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп тұруы керек. Қазіргі уақытта «Шығармашылық қанатында» атты жаңа арт-терапиялық студияны ашып қойдық. Ол жерде балалар актерлік шеберлікті үйренеді. Арт-терапия бойынша біздің жобаны толыққанды іске асыру үшін Арт-терапия орталығын ашу керек. Ол жерде әрбір бала және оның ата-аналары, онкологиялық ауруы бар балалар өзіне жақын шығармашылық бағытты таңдай алады», - дейді жобаның көркемдік жетекшісі Нүрия Құжамұратова.

Алматыда онкологиялық және гематологиялық сырқаттармен ауырған балалардың қайырымдылық музыкалық спектаклі өтетіні туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар