Дана Пашан: Латын әліпбиі тіліміздің жаңғыруына жақсы ықпал етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ тілі графикасының латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етеді. Мұндай пікірді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Тіл тарихы және диалектология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Дана Пашан білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ тілі графикасының латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Себебі, латын әліпбиіне көшу арқылы біз ұлттық санамызды орыс тіліне деген тәуелділіктен босатамыз, қайта жаңғыртамыз. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуін қолдау қажет. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», - деген болатын. Бұл жолда латын әліпбиіне көшу – тиімді әрекет. Ол біздің ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады. Бұл мәселені көтеру – Президентіміздің көрегендігін танытады», - деді аға ғылыми қызметкер.

Осы орайда ол «Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек?» деген сауалға жауап беруге тырысты.

«Енді «Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек?» деген сауалға жауап іздер болсақ, латын жазуы қазаққа бұрыннан таныс. Қытай иероглифтері, араб жазуы сияқты қиындық туындатпайды. Қолданысқа оңай, жазуға қолайлы, игеруге ыңғайлы. Сонымен қатар, жаратылыстану ғылымдарында да оның қолданыста ыңғайлылығы тәжірибе жүзінде көрініс тауып отыр. Бұл әліпби ақпараттық-технологиялар саласын да ары қарай дамытуға септігін тигізері сөзсіз», - деді ол.


Дана Пашан латын әліпбиін қолданудың тағы бір ұтымды тұсы - шетелде жүрген қандастарымыздың қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар болып, түсініп отыратындығын айтады.

«Себебі, шетелде тұратын қазақтардың басым бөлігі латын әліпбиі негізін пайдаланады. Латын әліпбиі озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді. Бұл бастама, шынымен, еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолына ашылар есік болар деп ойлаймын», - деді ғалым.

Оның атап өтуінше, латын әліпбиі - түркі халықтарына ортақ әліпби.

«Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан латынға көшіп кеткені белгілі. Осы жолды жалғай отырып, түркі халқына ортақ әліпбиді пайдаланымыз. Ол біздің түбі бір түркі тілінің тазалығын, байланысын сақтауға септігі тиеді. Сонымен қатар, әлемдік ғылым мен технологияны, экономиканы игеру үшін ағылшын тілін үйреніп келеміз. Латын әліппесі сол тілді игеруге негіз, тиімді алғышарт болары сөзсіз. Халықаралық терминологияны алыңыз, немесе медицина мен басқа ғылымдар тілі көбінесе латынша жазылады. Латынның бізге берерін қорыта айтар болсақ: Қазақстан әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін болады; қазіргі әліпбидегі 42 әріп 32-ге қысқарады, меңгеру оңай болады; түркі әлемімен Қазақстанның байланысы күшейеді; Қазақ диаспораларымен байланыс артады; кірме әріптерден арылып, кірме сөздер қазақ тілінің әуезіне икемделіп жазылады; қазіргі қазақ тілінің қосамжар орфографиясы мен орфоэпиясының проблемасын шешіп, ұлттық сипаттағы жазу жүйесін қалыптастырамыз. Енді, латын әліпбиіне ауысқан кездегі алғашқы кезде болатын теңсіздіктердің бірі - ақпараттар теңсіздігі. Екі графикадағы деректердің көлемі тұрғысынан әртүрлі болуына байланысты. Кирилл әліпбиінде материал көп. Латыннегізді ақпараттың аздығы. латынмен жазу бір уақытта бола қалмайды. Бірінші кезекте ең маңызды кітаптар латынмен беріледі», - деді Дана Пашан.


Соңғы жаңалықтар