Дамудың «жасыл» жолы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қуатты серпіліс беретін болады

None
None
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясын жариялаған Жолдауында әлемде барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтып отырғанын айтып, 2050 жылға қарай оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 пайызына дейін өндіруге мүмкіндік беретініне тоқталған болатын.

«Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр. Энергияның жаңартылатын көздері жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады. Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады», - деп атап өткен еді Елбасы өз Жолдауында. Бір сөзбен айтқанда, көмірсутектің ауқымды қорын иеленгеніне қарамастан, Қазақстанның «жасыл дамуға», бұл бағыттағы перспективалық басымдықтарға қатысты ұстанымы нық. Бұнымен қатар, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыппен өтетіні де Қазақстанға «жасыл даму» бағытында үлкен жауапкершілік артатыны белгілі. Осыған орай, Мемлекет басшысы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі арнайы тұжырымдама әзірлеуді тапсырып, бұл тұжырымдама туралы Жарлыққа жақында қол қойған болатын.

Жалпы, «жасыл экономика» жолына түсу, баламалы энергия көзіне көшу - қазіргі күні Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлем алдында тұрған маңызды мәселе. Себебі, баламалы энергияны пайдалану энергия қорларын үнемдеудің басты тетігі болумен қатар, экологиялық проблемалармен күресудің де тиімді амалы саналады.

Ал осынау маңызды бағыт бойынша елімізде атқарылған шараларға келсек, былтырғы жылдың аяғында Президенттің тапсырмасына орай Үкімет баламалы және жаңартылатын энергетиканы дамыту жөнін­дегі 2013-2020 жылдарға арналған іс-шаралардың жоспарын қабылдаған болатын. Қабылданған жоспарға сәйкес 2020 жылға таман жаңартылатын энергия көздері 1040 МВт қуат көлемінде болады деп күтіледі. Оның ішінде 13 жел стансасы (793 МВт), 14 ГЭС (170 МВт) , сондай-ақ 4 күн электр стансасы (77МВт) жасақталады. Егер жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобаларын іске асыруға келетін болсақ, мониторинг мәліметтері бойынша мұндай энергия нысандарының өндірісі жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2012 жылы 450 млн. кВт/сағатты құрады, ал бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштерден 6 пайызға көп. Алдағы уақытта елімізде жаңартылатын энергия көздерін да­мы­тудың 25 жобасы іске асырылады. Атап айтқанда, Рождество кор­до­нын­­да Болотов қондырғысы, Л.Н.Гу­ми­­лев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің шатырындағы күн қуатын жинау қондырғысы жұмыс істей бастаған болатын. Сондай-ақ Алматы облысының тау өзендерінде 20 МВт қуатты құрайтын 5 шағын ГЭС іске қосылса, ағымдағы жылы 12 жоба аяқталады деп күтіліп отыр. Оның ішінде «Родина» агрофирмасының жел-энергетика стансасы, Алматы облысындағы екі ГЭС, Қапшағайдағы күн қуаты стансасы, Жамбыл облысындағы екі ГЭС және тағы басқа нысандар бар.
2013 жылы Ерейментауда жел паркінің бірінші кезеңін қолға алу жоспарлану­да. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ақпаратына сүйен­сек, бұл парктің жалпы қуаты 300 МВт-ны құрайтын болады. Осынау жобаның өзі ЭКСПО-2017 нысандарын электр қуатымен толық қамтамасыз ететін энергия көзі болады деп күтілуде. Тоқтала кететін жайт, жақында өткен VI Астана экономикалық форумының ауқымды бір тақырыбы да дәл осы «жасыл экономикаға» арналған еді. «Индустриялық революция - «жасыл» экономикаға көшу» атты халықаралық сессия ұйымдастырылып, оған БҰҰ Бас­ хатшысының орынбасары, БҰҰ-­ның Еуропаға арналған Эко­но­микалық комиссиясының атқару­шы хатшысы Свен Алкалай, Еуро­палық инвестициялық банктің вице-президенті Вилгельм Мольтерер, БҰҰ-ның Азия және Тынық мұ­хит елдері үшін экономикалық-әлеуметтік комиссиясының өңі­р­аралық бөлімінің басшысы Николай Помощников, «Mc­Kinsey» компаниясының Мюн­хендегі офисінің директоры Мар­­тин Стачти, Жасыл экономика институтының директоры Промоде Кант және басқа да танымал сарапшылар, қазақстандық және шетелдік ұйымдардың, халықаралық, қоғамдық бірлестіктердің жетек­шілері және үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері қатысты.

Сессия барысында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров «жа­сыл экономикаға» өту тұжы­рымдамасына тоқтала келе, оның аясында елімізде жыл сайын «жасыл» жаңғырту жұмыстарына ұлттық ІЖӨ-нің 2 пайызын құрайтын инвестициялар салу қарастырылатынын атап өтті. «Бүгінде Қазақстан эко­но­микалық даму қарқыны бо­йынша өңірдегі елдердің көш­басшысына айналып, әлем мем­ле­кеттері ішінде даму рейтингінде алдыңғы лектен лайықты орын алуда. Табиғи капиталының мол екендігіне қарамастан еліміз ресурсты барынша тиімді пайдаланатын экономикаға көшуге бет бұрды. Бұл өз кезегінде еліміздің табиғи экожүйесін сақтауға және сыртқы тәуекелдерге барынша тосқауыл қоюға игі ықпал ете­ді. 2008 жылғы рецессия кезе­ңінен бастап әлемнің көптеген мемлекеттері, бизнес субъектілері және азаматтық қоғамдары әділ де тұрақты экономикалық өсімге қалай қол жеткізуге болатындығы жөніндегі пікірталасты тоқтатар емес. Содан бері көптеген мемлекеттерде күшті әлеуметтік сілкіністер орын алуда. Міне, жаһандағы жағдайдың осындай ауытқымалы сипатына қарамастан Қазақстан «жасыл» экономикаға көшуге батыл қадам жасауда. Осы қадам арқылы Қазақстан бүкіл әлемге ресурстарды үнемдей отырып, тұрақты дамуды қамтамасыз ететін жаңа модель бар екендігін дәлелдеуде», - дейді министр. Жалпы, Үкімет есептеріне қарағанда, «жасыл» модернизацияның экономикалық пайдасы мол болмақ. Мәселен, алдағы уақытта «жасыл» экономика барынша әртараптандырылады және өңірлік жоғары дамуды қамтамасыз етеді. Соның ішінде экономикалық жаңғыртудың жасыл бағыты бес басты қағидатқа негізделетін бола­ды. Форум сассиясында министр Нұрлан Қаппров осы басты бес қағидатқа тоқталған болатын. Атап айтқанда, бірінші, ресурстарды пайдаланудың тиімділігі. Бұл ретте табиғи қазба байлықтарының мол қорына ие Қазақстан, осы қазынаны барынша тиімді және мүмкіндігінше мол табыс беретін бағытта пайдалануды жолға қояды. Бұның өзінен «жасыл» экономиканың ұлтымыздың болашақта ауқат­ты өмір сүруіне жағдай жасайтынын білдіреді. Екінші, жаңа буынның технологиясы. Бұл ретте алдағы 20 жыл ішінде Қазақстан іс жү­зінде көптеген ғимараттарды, көлік инфрақұрылымын және энергетикалық желілерді қайтадан салып, осындай ауқымды міндеттер барысында үшінші индустриялық революция дәуірі­нің жаңа технологияларын барынша тиімді пайдалану көзделеді. Оның ішінде балама қуат көздері, «ақылды» тарату желілері, энергетикалық интернет және бас­қа заманауи мүмкіндіктер қамтылмақ. Үшінші, әлеуметтік әлеует­ті арттыру. Мұнда тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартатын, дамуы кенжелеп қалған өңірлердің әлеуметтік әлеуетін көтеру үшін барлық мүмкіндіктер жасалады. Төртінші, ресурстардың нарықтық бағасы. Осы бағытта Қазақстан шикізаттың нақты рынок бағасымен өткізілуіне қол жеткізетін болады. Бесінші, жаңаша ойлау және білім беру жүйесі. Алдағы уақытта еліміздің білім беру жүйесі әрбір қазақстандықтың жас күнінен табиғи капиталдың құндылығын түсінуге және қоршаған ортаны қорғау үшін барынша жеке жауапкершілік алуға тәрбиелейтін негізде реформаланатын болады. «Еліміздің таяу болашақтағы алда тұрған міндеттері бойынша «жасыл экономикаға» көшу қарқынды жүргізілмек. «Жасыл экономикалық» қайта жаңғыртудың қайтарымы да тиімді болмақ. Мысалы, Қазақстанда ІЖӨ-нің энергия тұтыну көлемі 2030 жылдары 30 пайызға, 2050 жылдары 50 пайызға дейін төмендетіледі. Қазақстанда балама және жаңғыртылған қуат көздері арқылы энергия өндіру көлемі жалпы өндірілген энергия көлемінде 2030 жылы 30 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға тең болады», - дейді Н. Қаппаров. Мұның барлығы да Мемлекет басшысының Жарлығымен жақында бекітілген «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасында қамтылған. Тоқтала кететін және бір жайт, Елбасы елдік дамудың «жасыл» жолы Астанадағы алда тұрған ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беруі тиістігін айтқан еді. Ендеше, Президент айтпақшы, халықаралық көрме мен оның тікелей баспалдағы саналатын «жасыл экономика» тұжырымдамасының арқасында көптеген қазақстандықтар еліміз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алатын болады.

Соңғы жаңалықтар