«Даму» қорының бірінші тоқсандағы таза табысы 1,5 млрд. теңгені құрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Даму» қорының 2015 жылғы бірінші тоқсандағы таза табысы 1,5 млрд. теңгені құрады. Аталған көрсеткіш 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 78 пайызға артық. 2015 жылдың бірінші тоқсанындағы Қордың активтері жыл басынан 14,6 млн. теңгеге немесе 7 пайызға көбейіп, 237,6 млрд. теңгені құрады, ал Қордың меншікті капиталы 84,6 млрд. теңгеге жетті. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.

«2015 жылдың бірінші тоқсанында қаражатты екінші деңгейдегі банктерге шартты орналастыру бағдарламалары бойынша 778 қарыз алушы жалпы сомасы 42,7 млрд. теңге болатын несиемен қаржыландырылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жалпы сомасы 35,8 млрд. теңге несиені субсидиялау үшін 366 шартқа қол қойылды. Бұдан бөлек, қаңтар-наурыз аралығында жалпы несие сомасы 3,4 млрд. теңге болатын 89 кепілдендіру шарты жасалды», - делінген баспасөз баянында.

Сонымен бірге, бірінші тоқсанда «Даму» қорынан 82 млрд. теңге қаржыландыру бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы мен шағын және орта бизнес субъектілерін кейінен несиелендіру бойынша қаражатты екінші деңгейдегі банктерге шартты орналастырудың мемлекеттік бағдарламасы көмегімен қосымша 7 349 жұмыс орны құрылды. 15 мыңнан аса адам Кәсіпкерлер құзіретін көтеру орталығында болса, 11,5 мың клиент қашықтан оқыту қызметін алды. Бұл өткен екі жылмен салыстырғанда 72 пайызға артық көрсеткіш.

«2014 жылдың желтоқсан айында ҚР Ұлттық қорынан (екінші транш) «Даму» қорына өңдеуші өндірістегі кәсіпкерлер үшін бөлінген 50 млрд. теңгенің жалпы сомасы 47 113 млн. теңге болатын 250 жобасы мақұлданды. Оның 34 780 млн. теңге сомалық 201 жобасы қаржыландырылды. Осылайша, қаражаттың 70 пайызы (69,6 пайыз) игерілді. Бұған қоса мақұлданған жобаларды есепке алғанда қаражатты игеру 94,2 пайызды құрайтыны болжанады. Қазір сомасы 34,1 млрд. теңге 157 жоба екінші деңгейдегі банктер қарауында. Екінші деңгейлі банктерге өтінім берген кәсіпкерлер саны ҚР Ұлттық Банк бөлген қаражаттан асып түседі», - делінген баспасөз баянында.

Айта кетерлігі, 2014 жылдың қарашасында «Даму» қоры 122 млн. доллар көлемде Азия Даму Банкінен екінші траншпен қарыз алған болатын. Осыған орай, «Банк ЦентрКредит» АҚ мен «Цеснабанк» АҚ Әріптес банктер санатында болды және олардың әр қайсысына 11,1 млрд. теңгеден қаржы салынды. Маусымның 1-дегі жағдай бойынша әріптес банктермен 2,7 млрд. теңге сомаға 60 кәсіпкер қаржыландырылып, 140 жұмыс орны құрылған.

Соңғы жаңалықтар