«Даму» қоры Ұлттық қордың несие қаражатын ШОБ-тің жаңа жобаларына бөлу шешімін қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде өткен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директорлары кеңесінің кезекті отырысында ШОБ субъектілеріне Ұлттық қордан бөлінген 50 млрд. теңгеден несие беру талаптары қарастырылды, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінен.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе - өңдеу өнеркәсібі саласындағы ШОБ субъектілеріне ҚР Президентінің Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауының аясында Ұлттық қордан бөлінген 50 млрд. теңгеден несие беру талаптарын қарастыру болды.

Директорлар кеңесі несие қаражатын ШОБ-тің тек жаңа жобаларын қаржыландыру үшін ғана беру туралы шешім қабылдады. Салалар тізіміне қосымша қызмет көрсету салалары қосылып, сондай-ақ несиені айналым қаражатын толықтыру үшін алу мүмкіндігі ұсынылды.

Бөлінген қаражат борышкерлерге 10 жылға дейінгі мерзімге 6 пайыздан аспайтын ең төменгі мөлшерлеме бойынша беріледі.

Желтоқсан айының басында «Даму» қоры 13 серіктес банкпен несиелік келісімдер жасасқаннан кейін қаражат банктердің арнайы есепшоттарына түсіп, ШОБ кәсіпорындарын несиелендіру үшін қолжетімді болады.

Отырыс қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау Бағдарламасы бекітілді.

Соңғы жаңалықтар