«Даму» қоры биыл несиені кепілдендіру туралы мыңға жуық өтінімді мақұлдамақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры биыл несиені кепілдендіру туралы 1000-ға жуық өтінімді мақұлдамақ. Бұл туралы қордық басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова бүгін өткен баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, несиені кепілдендіру құралының қазіргі күрделі экономикалық ахуал аясында маңызы арта түспек.

«Біз кепілдендіру портфелін бақылауда ұстап отырмыз. Портфельдің жағдайы өте жақсы. Дефолттар бойынша екінші деңгейлі банктерге 120 млн теңге көлемінде төледік. Қазіргі таңда жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге «Экспресс кепілдеме» қызметі бар. Қаржы қоры - 20 млн. теңге. Онда несие көлемінің 852 пайызға жуығы кепілдендіріледі. Сондай-ақ, «Жеке кепілдендіру» де бар. Онда қаржы қоры 300 млн. теңге. Онда несие көлемінің 50 пайызына кепілдік беріледі. Болашақта несиені кепілдендіру келісімдерінің санын 1000-ға дейін жеткізу мақсат етіліп отыр. 2015 жылдың басынан бері 600-ден астам өтінім мақұлданды. Өткен жылы 447 өтінім ғана қабылданған болатын», - деді Л.Ибрагимова.

Сарапшының айтуынша, мұндай қолдау түрі шетелде өте жоғары дәрежеде дамыған. Жапонияда банктердің барлығы Жапон кәсіпкерлікті қолдау агенттігінің 90 пайыздық кепілдемесімен несие береді. Сингапур, Оңтүстік Корея елдері де бұл бағытта дамып кеткен.

Қазақстанда аталған бағытта біраз қиындықтар бар.

«Жоғарыда атап өткен елдерде бірыңғай орталықтандырылған мәліметтер базасы бар. Онда ЖСН нөмірі арқылы адамның коммуналдық төлемдерінен бастап, психологиялық портретіне дейін айтып береді. Бұл - белгілі бір тәуекелді бағалау үшін керек параметрлер. Сондықтан, қазір электронды үкімет базасында ортақ мәліметтер қалыптастыратын мемлекеттік қызметті автоматтандыру жобасын қолға алып жатырмыз. Жақында заң шықты. Ендігі кезекте табиғи монополиялар субьектісі біз туралы түрлі ақпаратты, мәселен тұрғындардың коммуналдық төлемді төлеу тарихын көрсететін болады. Сол арқылы адамның төлем қабілеттілігін көруге болады», - деді Л.Ибрагимова.

Соңғы жаңалықтар