Даму ерекшеліктері бар оқушыларға көмектесетін 1500-ге жуық педагог-ассистент жұмысқа кірісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылының басынан бастап Қазақстан мектептерінде 1 500-ге жуық педагог-ассистент жұмысқа кірісті. Олар даму ерекшеліктері бар оқушыларға мектепке бейімделуге көмектеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Былтырдың басында ел мектептерінде осындай 700 педагог жұмыс істесе, осы оқу жылының басында олардың саны 1 500-ге дейін көбейді. Педагог-ассистенттер ерекше балалармен жұмыс істеуде маңызды рөл атқарады, олар балаларды бағыттап, бейімделуге көмектеседі. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балалар туралы болғандықтан, педагог-ассистенттер техникалық қолдау да көрсете алады, мысалы бала өздігінен қозғала алмаса. Сондай-ақ, егер балаға дефектологтың көмегі қажет болса, педагогикалық қолдау көрсетеді», - деді Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Сонымен қатар, педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Оқу бағдарламалары ерекше балалардың қажеттіліктеріне қарай бейімделеді. Педагог-ассистенттер оларға өткен материалды меңгеруге көмектеседі. Онымен қоса, олар мектеп қабырғасында ерекше балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қажетті жағдайлардың сақталуын қадағалайды.

Алдағы уақытта министрлік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында педагог-ассистент лауазымын енгізуді жоспарлап отыр.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында білім саласына қатысты бірқатар мәселені көтерді. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім еткендей, Президент жүктеген міндеттерді шешу мақсатында министрлік жанынан жұмыс тобы құрылды.


Соңғы жаңалықтар