Дамир Исмағұлов UFC-дегі дебюттік айқасын жеңіспен бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - M-1 Global экс-чемпионы Дамир Исмағұлов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол бұған дейін жеңіліп көрмеген австралиялық Алекс Джоджестен басым болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «SPORTINFORM» САА сілтеме жасап.

Осылайша, Дамир Исмағұлов австралиялық Алекс «Хитмэн» Джорджесті жеңіп, UFC-ге алғашқы қадамын сәтті жасады. Төрешілер бірауызды шешіммен жеңісті Ресей атынан шығып отырған қазаққа берді. Айта кетейік, Дамирдің қарсыласы өз мансабында алғаш рет жығылды. Ол бұған дейінгі 7 жекпе-жегін жеңіспен аяқтаған болатын.

Төрешілердің шешімін естіген соң Исмағұлов рингке өзіне жақын екі мемлекеттің - Қазақстан мен Ресейдің туларын алып шықты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандықтар жекпе-жекті 2 желтоқсан күні сағат 05:30-да «Qazsport» арнасынан тікелей көре алды. 

Еске салсақ, жеңіл салмақтағы M-1 Global экс-чемпионы Дамир Исмағұлов Австралияның Аделаида қаласындағы UFC Fight Night 142 турнирінде Джозеф Даффиге қарсы жекпе-жек өткізуді жоспарлаған болатын. Алайда, ирландық жарақат алып, шараға қатысудан бас тартты. Бұдан кейін басқа қарсылас іздестіріліп, ол австралиялық «Хитмэнмен» шығатын болды. Көз арбасу рәсімінде «Хитмэн» қазақ спортшысын қорқытпақ болғанын да жазған едік. Алайда Исмағұлов бұл бопсаға мән бермейтінін жеткізді.

27 жастағы Дамир кәсіби мансабында 27 рет жеңіске жеткен. Оның он шақтысын мерзімінен бұрын аяқтаса, екі рет жеңіліп қалды. 16 қарашадан бастап UFC-дің жекпе-жек шебері саналады. 

Соңғы жаңалықтар