Дәмханалар Ashyq жүйесінен қандай жағдайда шығарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мамандары Ashyq жобасына қатысушы нысандардың қалай тексерілетіндігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің цифрлық шешімдер департаментінің директоры Бекболат Молдабековтің айтуынша, мейрамхана мен дәмханаларда санитарлық дәрігердің қаулысымен ұжымдық кездесулерге тыйым салынған. Осы талаптың сақталуын әкімдіктер жанындағы мониторингтік топтар қадағалауы керек.

«Осы топтар Ashyq жобасына қатысушы нысан талапты бұзғанын анықтаса, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне хабар береді. Министрлік ол нысанды алғашқы жолы екі аптаға қосымшадан шығарып, QR таңбасын жүйеден айырады. Осы кемшілік екінші рет қайталанса екі айға жүйеден шығарылады», - деді министрлік өкілі.

Алгоритм бойынша монторинг топтары дәмханалардың талапты қаншалықты сақтап жатқанын 5 сұрақ бойынша тексеруі керек.

«Біріншіден, нысан ішіндегі адамдардың бәрі маска тағуға міндеттеледі. Екіншіден, жұмыс істеу уақытын бұзбауы керек. Үшіншіден, бір үстелге 5-6 адамнан көп отыруға болмайды. Төртіншіден, нысан ішінде 30 пайыздан артық жүктелім болмауы тиіс немесе адам саны 50-ден аспауы қажет. Осы шектеулерді бұзса, әкімдік арқылы мәліметті бізге анықтама жібереді», - деді Бекболат Молдабеков.

Ведомство өкілі Ashyq жобасына қатысушылар арасында жұмысы күдікті нысандар бар екенін атап өтті.

«Қазір Ashyq жобасына қатысушы мейрамханалар мен дәмханаларды бақылап жатырмыз. Кейбірінде QR таңбаны сканерлеу өте аз. Өзі үлкен нысан бола тұра күніне 3-4 адам ғана сканерден өткен. Яғни ол дұрыс жұмыс істемей тұр немесе келушілерді сканерлемей-ақ кіргізіп отыр деген сөз. Ондай нысандарға жеке мониторинг топтарын жіберіп жатырмыз», - деді департамент директоры.


Соңғы жаңалықтар