Дәленов үш жылдық республикалық бюджет шығысын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында еліміздің 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастыру үшін базалық сценарий негізге алынды. Ол мұнай бағасын 55 доллар көлемінде көздейді. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2020 жылы 4,1 пайыз деңгейінде болжанып отыр. 2024 жылы ол 4,7 пайызға жетеді. Орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,4 пайызды құрайды. ЖІӨ өсуі жалпы жинақтың, ішкі тұтынудың және экспорттың өсуі есебінен қамтамасыз етіледі», - деді еліміздің үш жылдық даму болжамын таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Министрдің дерегінше, мұнай өндіру көлемі 2020 жылы 90 миллион тоннадан, 2024 жылы 100 миллион тоннаға дейін өседі. Өндіріс өсімі Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарын кеңейту, сондай-ақ теңіздегі оларды пайдалануға беру есебінен болады. Номиналды жалпы ішкі өнім 2020 жылы 75 триллион теңгені, ал 2024 жылы - 106 триллион теңгені құрайды.

«2020-2021 жылдары инфляцияның жылдық нысаналы дәлізі 4,0-6,0 пайыз деңгейінде сақталды. Ал 2022-2024 жылдары ол дәліз 3,0-5,0 пайыз шегінде болады. Макроэкономикалық болжамның негізінде 2020-2022 жылдарға арналған бюджет параметрлерінің болжамы әзірленді. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді қоспағанда) болжам бойынша 2020 жылы 8,1 трлн теңге сомасында, ал 2021 жылы 8,7 трлн теңгені, 2022 жылы 9,5 трлн теңгені құрайды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, бюджет тапшылығы 2020 жылы жалпы ішкі өнімге қарағанда 2,1 пайыз, ал одан кейіннен 2021 жылы – 1,5 пайызға дейін және 2022 жылы – 1 пайызға дейін төмендеуімен жоспарланып отыр.

«Осы параметрлерді есепке ала отырып, республикалық бюджеттің шығыстары 2020 жылы 12,9 трлн теңге, 2021 жылы 13,2 трлн теңге, 2022 жылы 13,7 трлн теңге көлемінде айқындалды», - деді Р.Дәленов.

Соңғы жаңалықтар