«Дала қырандары» телесериалы халықаралық байқауларда бақ сынайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әскери ұшқыштардың өмірі мен қызметін дәріптейтін отандық «Дала қырандары» телесериалы халықаралық фестивальдерге қатысады. Бұл туралы «Хабар» агентінің бас продюсері Айдос Тұрысбек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

«Телесериал 25 қарашадан бастап «Хабар» арнасынан дүйсенбі – бейсенбі күндері кешкі сағат 22:30-да керсетіледі. Сериалдың жанры әскери-драма. Және алдағы уақытта «Хабар»-ға қарасты телеарналардан да көрсететін боламыз. Жоба екі министрліктің бірлесуімен түсірілді және ол 12 сериядан тұрады. Сондай-ақ, аталған сериалды халықаралық кинофестивальдер мен байқауларға қатыстыру жоспарда бар. Бұған дейін біздің арнамыздың туындысы «Алтыншы бекет» телесериалы «Тоффи» сыйлығын жеңіп алды. Қазақстанның әуе күштерінің әлеуетін көрсететін мұндай патриоттық фильмдер шетелдік көрермендерге қызық болады деп ойлаймын», - деді А. Тұрысбек.

Сондай-ақ, бас продюсер шетелден сұраныс болса, сериалды халықаралық прокатқа шығару жоспары барын да тілге тиек етті.

«Телесериалға деген ұсыныс, сұраныс болып жатса алдағы уақытта халықаралық прокатқа шығару ойда бар. Бірақ алдымен отандық көрермендердің ықыласын байқап көргіміз келеді», - деді ол.

Оның айтуынша, телеарнадан көрсетілетін фильмдерді халықтың қаншалықты жылы қабылдағанын анықтайтын арнайы рейтингтер бар және сол арқылы көрермендер ықыласын байқауға болады.

Бұған дейін жаңа «Дала қырандары» атты телесериалының тұсауы кесілгенін хабарлаған болатынбыз.

Отандық туындының тұсаукесер рәсіміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев пен ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты.

Соңғы жаңалықтар